ДИКТОР:Көлігіңіз бар ма? Демек жол-патрульдік полиция сізді жылдамдықты асырғаныңыз немесе қауіпсіздік белдігін тақпағаныңыз үшін ғана емес, көлігіңіздегі дәрі-дәрмек қобдишасын тексеру үшін де тоқтатуы мүмкін. Оның бар-жоғы емес, ішіндегі құралдардың толықтығы мен жарамдылығы да тексеріледі.

STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ:Мынадай дәрі-дәрмек қобдишасы міндетті түрде әр көлікте болуы тиіс. Ең бастысы, ішіндегі алғашқы көмекке қажет құралдардың бәрі толық болуы шарт әрі жарамдылық мерзімі өтіп кетпеуі керек. 

РКС:Қобдишада 3% сутегі асқын тотығы, стерильді және стерильді емес бинттер, дәке майлықтары, таңғыш, мақта, қан тоқтататын жгут, бактерицидті және рулонды лейкопластырь, эластик бинт, доғал ұшты қайшы, жасанды тыныс алдыру құрылғысы, түйреуіштер мен медициналық қолғап болуы қажет.

STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: Көп адам қобдишаны сатып алып, ол сол қалпы жылдар бойы ашылмайды. Бірақ жол-патрульдік полиция қобдишаның бар-жоғын ғана емес, ішін де тексереді. Егер қажетті құралдар жетіспесе немесе жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, айыппұл арқалап қалуыңыз ықтимал. Сондықтан көлігіңіздегі қобдишаны анда-санда ашып, ішін бір қарап қойған артық болмайды.

СНХ:ӘРСЕН ЕСЕНТАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Менде аптечка үнемі көлікте жүреді өзіммен. Ара-тұра ашып, ішіндегі дәрілердің бар-жоғын, жарамдылық мерзімін тексеріп тұрамын. Мерзімі өтіп кеткен немесе жетіспейтін заттар болса, бірден жаңартып аламын. Өйткені бұл тек заң талабы емес қой. Жүргізуші ретінде жолда күтпеген жағдай болса, ең алдымен өзіміздің және жақындарымыздың қауіпсіздігі үшін керек деп ойлаймын.

РКС:Жүргізушілердің бірі білсе, бірі ақпаратты естімеген. Көлікте дәрі-дәрмек қобдишасының болмауы немесе оның талапқа сай келмеуі әкімшілік жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бұл талапқа салғырт қарамаған жөн.

СНХ:БЕКБОЛАТ ҚҰСМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ВЗВОД КОМАНДИРІ: Техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтін немесе пайдалануға тыйым салынған ақауы бар көлікті басқарғаны, сондай-ақ көліктегі дәрі-дәрмек қобдишасындағы медициналық құралдардың жарамдылық мерзімі өтіп кеткен жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл үшін 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке, яғни 86 500 теңгеге дейін өседі.

РКС:Осы құқық бұзушылық үшін бір жыл ішінде қайтадан жауапқа тартылсаңыз, әкімшілік айыппұлмен қатар мемлекеттік тіркеу нөмірі де алынуы мүмкін.Бұл талап тек дәрі-дәрмек қобдишасына қатысты емес. Руль немесе тежегіш жүйесінің ақауы, әйнекке пердені заңсыз орнату сияқты талапқа сай келмейтін өзгерістер де қайталанған жағдайда мемлекеттік нөмірдің алынуына негіз болады.Мемлекеттік тіркеу нөмірі айыппұл толық төленіп, көліктегі барлық заң бұзушылықтар мен ақаулар жойылғаннан кейін ғана иесіне қайтарылады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА,ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ