ДИКТОР:«Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталғалы облыста абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластауға қатысты 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды. Ең жиі кездесетін мәселенің бірі – ірі көлемді қоқысты контейнер алаңдарының жанына тастап кету. Тұрғындар ескі жиһазды, тұрмыстық техниканы немесе құрылыс қалдықтарын арнайы орындарға емес, рұқсат етілмеген жерлерге қалдырады. Мұндай құқық бұзушылықтарды полиция қызметкерлері күнделікті патрульдеу кезінде анықтап отырады.
РКС:Мұндай құқық бұзушылықтар көбіне пәтерлер мен үйлерде жөндеу жүргізілген кезде, сондай-ақ жиһаз бен тұрмыстық техниканы ауыстырған уақытта орын алып жатады. Түсіндіру және алдын алу жұмыстарының тұрақты жүргізілгеніне қарамастан, кейбір тұрғындар ірі көлемді қоқысты контейнер алаңдарының жанына қалдыруды тоқтатар емес. Дегенмен мұндай қалдықтарды шығару үшін арнайы тәртіп қарастырылған.
СНХ:ВАЛЕНТИНА СЕРКИНА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:Қазір облыста ірі көлемді қоқыс мәселесіне байланысты көптеген мәселелер туындап отыр. Азаматтар мұндай қалдықтарды көбіне контейнер алаңдарына қалдырады. Олар ірі көлемді және құрылыс қалдықтарын өздері шығаруы қажет екенін ескере бермейді.Қоқыс контейнерлеріне арналған алаңдар ірі көлемдегі қоқыс пен құрылыс қалдықтарын тастауға арналмаған. Тұрғындардан шағым жиі түседі. Қоқыс контейнерлері бос болғанымен, оның айналасындағы аумақ құрылыс қалдықтарына, сондай-ақ бұтақтарға толып жатады.
РКС:Жыл басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 6 мыңнан астам ақмолалық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Тазалықтың сақталуын полиция қызметкерлерінен бөлек әкімдіктер, коммуналдық қызметтер және қоғамдық белсенділер де бақылауда ұстайды. Құқық бұзушыларды анықтауға бейнебақылау камералары мен бейнеаналитика жүйелері де қосылған.
СНХ:МӘРИЯМ ӘБІШЕВА, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:Алғашқы жартыжылдықта тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны өз аумағына 33,5 текше метр ірі көлемді қоқыс қабылдады. Бұл айтарлықтай үлкен көлем. Әрине, жауапкершілікпен қарайтын азаматтар бар, бірақ олардың саны көп емес.Кейбіреулер тариф бағасы өте қымбат деп айтады. Бірақ шын мәнінде полигон аумағына қоқыстың бір текше метрін қабылдау құны 1500 теңге ғана.
РКС:Ірі көлемді қалдықтар арнайы кәдеге жаратуды қажет етеді. Лақтырылған қоқыстардың арасында тұрмыстық қалдықтармен бірге тастауға болмайтын материалдар да жиі кездеседі. Сондықтан мамандар тұрғындарды қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын арнайы ұйымдарға уақытылы хабарласуға кеңес береді.
СНХ: МӘРИЯМ ӘБІШЕВА, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРЛІГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:Былтырдан бастап Көкшетау бойынша 60 торлы контейнер орнатылды. Алғашында олардың жұмысы баяу жүрген. Бір контейнер шамамен бір аптада ғана толатын. Оның сыйымдылығы – 1текше метрден сәл ғана асады. Қазір бұл контейнерлер екі күн ішінде толып, шығарылып жатыр. Демек нәтиже бар.Бұрын бұл контейнерлерге әртүрлі қоқыс тастаса, қазір тұрғындар тек қайта өңдеуге қажет пластик бөтелкелерді ғана салады.
РКС:Бұдан бөлек, шілденің бірінен бастап елімізде абаттандырудың жаңа ережелері күшіне енді. Жеке тұрғын үй иелеріне өздеріне тиесілі аумақта құрылыс материалдарын, отын, тыңайтқыштарды, сондай-ақ автокөлік, тіркеме, арба сияқты мүліктерді сақтауға тыйым салынды.Бұдан бөлек, үй жануарларын ұстайтын азаматтар көшеде серуендеткеннен кейін тазалықты сақтауға міндетті.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ