ДИКТОР: Қазақ күресі ұлттың рухын, қайсарлығын және салт-дәстүрін дәріптейтін төл спорт түрі. Осы құндылықтарды кеңінен насихаттау, жас спортшылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың шеберлігін шыңдау мақсатында жасөспірімдер арасында «Жеңіс бірлікте» атты қазақ күресінен спорттық турнир өтті. Боз кілемдегі бәсекеге Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары, сондай-ақ Бұланды және Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласындағы «Бурабай» және «Қайрат» спорт мектептерінің жас балуандары қатысты.
РКС: Жарыста 30-ға жуық спортшы бірнеше салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, әр белдесуде бар күш-жігері мен шеберлігін ортаға салды. Күресте ерекше көзге түскен туған ағайындылар Манап Әлішер мен Манап Алдияр болды. Ағайындылар белдесу барысында жоғары дайындықтарын, ептілігі мен қайсарлығын танытып, көпшіліктің қошеметіне ие болып, жас балуандардың арасынан даралана түсті.
ИНТЕРШУМ:
СНХ:ӘЛІШЕР МАНАП, СПОРТШЫ: Қазақ күресіне 5 жастан бастап айналысамын. Осы «Қайрат» залында 7 жыл болды айналысқаныма. Осы Солтүстік Қазақстан облысынан келген балуандармен белдестім. Алда Алматы қаласында өтетін республикалық чемпионатқа дайындықтамыз.
РКС: Бұланды ауданына қарасты Макинск қаласында қазақ күресіне қызығушылық танытқан балалардың қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде 100-ден астам жас спорттың осы түрімен тұрақты айналысып жүр. Олардың басым бөлігін жасөспірімдер құрайды. Ұлттық спортқа бет бұрған өрендердің талпынысы мен табандылығы бапкерлер үшін үлкен қуаныш. Қазақ күресінен 17 жылдан астам уақыт шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Серік Шәйкенов бұл үрдісті зор жетістік деп бағалайды.
СНХ:СЕРІК ШӘЙКЕНОВ, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН БАПКЕР (БҰЛАНДЫ): Бүгінгі жарысқа 7 бала әкеліп отырмыз. Ең кіші 2 спортшы 2015 жылғы қалғандары 2014,2013 жылғылар. Күресте жүрген балалар. Ашық облыстық турнирлардан жүлдегер болған балалар бар.
РКС: Боз кілемде шыңдалған жас балуандар үшін әр жарыс тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер алаңы. «Жеңіс бірлікте» турнирі де өрендердің спорттағы қабілетін арттырып, өзара достық пен татулықты нығайтқан тағылымды додаға айналды. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар жеңіс тұғырына көтеріліп, арнайы марапаттарға ие болды. Жас балуандардың еңбегі еленіп, мерейі үстем болған бұл сәт турнирдің жарқын нүктесіне айналды.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ