ДИКТОР: Жанар-жағармайды елден шығаруға уақытша шектеу енгізілді. Сонымен қатар, алкоголь өнімін лицензиясыз сатуға жол берілмейді. Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы бақылау күшейтілді. 

РКС: Жыл басынан бері мамандар алкоголь, темекі және мұнай өнімдерінің заңсыз сақталуы мен тасымалдануына қатысты 90 тексеру жүргізген. Нәтижесінде заңсыз айналымнан 2 мың литрден астам алкоголь өнімі, 12 мыңға жуық қорап темекі және бір мың тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленген.

СНХ: ЕРЖАН ШҮЛЕМБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Алкоголь өнімдерін көтерме немесе бөлшек саудада өткізу үшін кәсіпкерлер міндетті түрде лицензия алуы тиіс. Лицензия электронды үкімет порталы арқылы бір жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Ал заң талаптарын сақтамаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 

РКС: Сонымен қатар, елімізде мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға уақытша шектеу енгізілді. Қарашаның соңына дейін елден бензин мен дизель отынын автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға тыйым салынған. Жанармайды тек көлік құралының зауыттан орнатылған багында және тәулігіне бір рет қана алып өтуге рұқсат етіледі.

СНХ: ЕРЖАН ШҮЛЕМБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қазіргі уақытта Ақмола облысында мемлекеттік кірістер органдары құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр. Негізгі мақсат - мұнай өнімдерінің заңсыз әкетілуіне және акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымына жол бермеу

РКС: Мамандар бұл талаптар кәсіпкерлерге кедергі келтіру үшін емес, заңсыз сауданың жолын кесіп, адал кәсіпкерлікті қолдауға бағытталғанын айтады.  

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ