ДИКТОР: Көпбейінді облыстық балалар ауруханасында медицина қызметкерлерінің тапшы. Қазір емдеу мекемесіне алты бағыт бойынша 20-дан астам маман қажет. Аурухана әкімшілігінің мәліметінше, жұмысқа қабылданғандарға қарағанда жұмыстан кететіндердің саны басым. Бұған не себеп және қалыптасқан жағдайды қалай өзгертуге болады? Бұл мәселені тілші баяндасын.

РКС: Қазір ауруханада 548 маман жұмыс істейді. Оның 69-ы дәрігер. Науқастарға 200 медбике көмек көрсетуде. Алайда олардың 40-ы бірнеше емдеу мекемесінде қатар еңбек етеді. Салдарынан негізгі қызметкерлерге түсетін жүктеме артып, кадр тапшылығы айқын сезілуде.

СНХ: ҚАРЛЫҒАШ АХМЕТОВА, КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ МЕЙІРГЕРЛІК ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: Негізгі қызметкерлерімізге түсетін жүктеме өте жоғары. Бұл тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да ауыр. Жұмыс көлемінің көптігінен олар көбіне уақытында үйіне қайта алмайды, тіпті кезекті еңбек демалысына шығудың өзі қиынға соғады. Балаларды емдеу үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі жұмыс. Сондықтан бұл салаға келетін мамандардың да қатары сирек.

РКС: Бұған дейін дәрігерлердің жұмысын қоса атқарушы маман жеңілдеткен болатын. Қазір бұл міндет 2 травматолог дәрігерге жүктеліп, барлық емдеу үдерісін өзара бөлісіп атқаруда.

СНХ: МАРАТ СӘТИЕВ, КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГЫ: Жұмыс жүктемесі өте жоғары. Себебі түнгі кезекшіліктен кейін, күндізгі ауысымда жұмыс істеуге тура келеді. Бөлімдегі науқастарды бақылап, ем-домын жүргізу, жоспарлы операцияларға қатысу, сонымен қатар қабылдау бөлімі мен жарақат пунктіне шұғыл шақыртуларға шығу қажет. Қазір қаладағы емханаларда балалар травматологтары мүлде жоқ. Сондықтан барлық алғашқы медициналық көмекке жүгінетін науқастар осы ауруханаға жіберіледі. Бұл өз кезегінде дәрігерлерге түсетін жүктемені еселеп арттырып отыр.

РКС: Ауруханадағы тағы бір түйткіл, қаржылық тұрақтылық мәселесі. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатты кешіктіріп аударуы мекеме жұмысына әсер етуде. Бүгінде балалар ауруханасының мамандары сәуір айының төлемдерін ғана алған.

СНХ: ВАЛЕРИЙ ДЕБЕЛО, КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Қаржылық кезеңдердің уақытылы жабылмауы бірқатар қиындықтарға әкелуі мүмкін. Себебі, қаражаттың кеш түсуіне байланысты жеткізушілер алдындағы төлемдерді уақтылы өтеу мүмкін болмай отыр. Соның салдарынан олар сотқа жүгінуі ықтимал. Қазір қолда бар қаржы ең алдымен қызметкерлердің еңбекақысы мен салық төлемдеріне ғана бағытталып отыр. Бұл мекеме алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі.

РКС: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, мамандар қазір есептік кезеңді жабу жұмыстарын аяқтауда. Бұл тек мамыр айының төлемдеріне қатысты. Қор өкілдері тиісті қаражаттың бір апта ішінде түсетінін хабарлады.

СНХ: ШАНХИ ГОЛУБЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қаржыландырудың кешігу себептеріне тоқталсақ, бұл ең алдымен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіндегі техникалық ақауларға байланысты болып отыр. Бұл республикалық деңгейдегі ортақ мәселе. Сондықтан қалыптасқан қиындықтарды бірлесіп еңсеру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, аталған мәселенің алдын ала белгілі болғанын ескере отырып, медициналық ұйымдарды қаржыландырусыз қалдырмаймыз. Яғни, мекемелерге алдын ала аванстық төлемдер қарастырылған. Оның ішінде облыстық балалар ауруханасына да бұған дейін 750 миллион теңгеден астам қаржы аванс ретінде төленді. Бұл келісімшарттың жалпы сомасының 22,8 пайызын құрайды.

РКС: Аурухана әкімшілігі қолайсыз жағдайларға қарамастан, мамандарды жұмысқа тарту жұмыстарын тоқтатпай отыр. Биыл Астана мен Алматы қалаларындағы бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысып, 2 педиатр маман өңірге жұмысқа келді. Қазір олармен келісімшарт талаптары қарастырылуда.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.