ДИКТОР: Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен еліміздің жаңа Конституциясының қабылдануына арналған мерекелік шаралар елдің әр өңірінде жалғасуда. Биылғы жаздың ең жарқын мәдени оқиғаларының бірі Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды Open Air фестиваліне қала тұрғындары мен көршілес туристік аймақтардан келген 4 мыңға жуық қонақ жиналды. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Мерекелік сахнада Қазақстан эстрадасының әншілері өнер көрсетті. Әншілердің орындауындағы сүйікті хиттер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кештің көркін қыздырды.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: ӘЛІШЕР КЕНЖЕҒАЛИ, БҰЛАНДЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының бастамасымен 1 шілдеден бастап еліміз жаңа дәуір мен жаңа кезеңге қадам басты. Бұл Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануымен байланысты тарихи әрі маңызды оқиға. Ата Заңның қабылдануы мемлекетіміздің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам.

РКС: Open Air фестиваліне жиналған жұртшылықтың да қарасы қалың. Тұрғындар мұндай ауқымды мәдени шараның қалада алғаш рет өтіп отырғанын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

СНХ: БАЛШЕКЕР ТҰҚЫБАЕВА, МАКИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мерекеміз құтты болсын, отанымызға, елімізге жақсылық әкеледі деп үміттенеміз. Әр азаматтың правасы бар. Елімізде жақсылық болсын. Бүгінгі өткізіп жатқан мерекеге көп көп рахмет. 

РКС: Түрлі буын өкілдері бір алаңда бас қосып, тәуелсіз елдің жетістіктерін бірге атап өтті. Бұл кеш елдік рухты нығайтқан, ұлттық мәдениет пен дәстүрдің қадірін тағы бір мәрте айшықтаған тағылымды мереке болды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ