ДИКТОР: Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық спартакиада Көкшетауда басталды. Біздің өңір мұндай ауқымды шараны бірінші рет өткізіп отыр. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен мыңнан астам қатысушы келді. 

РКС: Спортпен кәсіби шұғылданбайтын мемлекеттік қызметшілердің арасындағы дәстүрлі жарыстардың ауқымы жыл санап кеңейіп келеді. Биылғы додаға 19 команда қатысып жатыр. Олардың қатарында Ақтөбе облысынан келген Наурызбай Назарбайұлы да бар. Спартакиадаға ол тұңғыш рет қатысып отыр.  

СНХ: НАУРЫЗБАЙ НАЗАРБАЙҰЛЫ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ): Біз 2026 жылғы мемлекеттік қызметшілердің ұлттық спорттық ойындарына қатысушылармыз. Ақтөбе облысынан волейболдан жарысқа түсу үшін келдік. Алғашқы ойынымыз Маңғыстау облысының командасына қарсы өтті; бұл өте тартысты әрі керемет ойын болды. Біз 2:0 есебімен жеңіске жеттік. Мен мемлекеттік қызметшілердің спорттық ойындарына алғаш рет қатысып отырмын. Көңіл-күйім керемет, ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Қонақжайлылықтарыңыз үшін көп рақмет!//

РКС: Жарыс спорттың он түрінен өтуде. Бағдарламаға футзал, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалак, шахмат, қазақ күресі, үстел теннисі мен жүзу кіреді. Үлкен теннис пен киберспорт спартакиаданың бағдарламасына ресми түрде тұңғыш рет енгізілді. Ұлытау облысынан келген Саят Симановқа киберспортта бақ сынаған ұнайды.  

СНХ: САЯТ СИМАНОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ): Мен бұл спорт түрімен 2017 жылдан бері айналысамын, екі-үш жыл айналысып, ойнап та келдім. Есейген сайын көп әуестенген жоқпын. Бірақ ойынға деген қызығушылығым жоғалған жоқ. Биыл осы ойын түрі спартакиадаға енгізілгесін қайта ойнап көруді шештім. Республикалық жарысқа дейін әр кезең өңірлерде өтті. Мұнда келгендердің бәрі өз жақтарында жеңіске жеткендер. Яғни кілең мықтылар өзара жарысады. 

РКС: Турнирдің Ақмола облысында өтуі жергілікті спорт инфрақұрылымының дамуына байланысты мүмкін болды. Өткен жылдың өзінде ғана өңірде 13 жаңа нысан ашылды. Спартакиада жарыстарының басым бөлігі «Көкше Арена» кешенінде өтеді. Бұл жерде республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге бар жағдай жасалған.  

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.