ДИКТОР: Облыста қылмыс деңгейі төмендеді. Жыл басынан бері өңірде тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны былтырығы жылмен салыстырғанда 24 процентке азайған. Әсіресе интернет-алаяқтық деректері екі есеге жуық қысқарған. Бұған құқық қорғау органдарының алдын алу шаралары мен цифрлық технологияларды енгізуі оң әсер еткен. Бұл туралы облыстық прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет департаментінің маманы арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында мәлімдеді.
РКС: Департамент құқықтық статистиканы қалыптастырып, мемлекеттік органдарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Бірыңғай базада қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар, жол-көлік оқиғалары, кәсіпкерлікке жүргізілген тексерулер мен азаматтардың өтініштері жинақталады. Сонымен қатар биыл өңірде бірнеше құқықтық акция ұйымдастырылып, тұрғындарға заң талаптары қарапайым тілде түсіндірілді.
СНХ: АҚЫЛ ҚАРПЫҚБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында департамент «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Сондай-ақ республикалық «Халық заңгері» акциясына қатысты. Бұл іс-шаралар тұрғындарға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, азаматтарды толғандырған құқықтық сұрақтарына жауап береді. Қазір облыстық прокуратура «Про Тайм» жобасына белсенді қатысып, әріптестерімізбен бірлесіп мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз.
РКС: Жыл басынан құқық қорғау органдарына 49 мыңнан аса арыз-шағым түскен. Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінде 2000-нан астам қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Ең көп құқықбұзушылық Көкшетау, Степногорск қалаларында, Бурабай, Целиноград және Атбасар аудандарында тіркелген. Десе де, мамандар соңғы жылдары ерекше алаңдаушылық тудырып отырған интернет-алаяқтыққа қарсы қабылданған шаралардың нәтижесі көңіл қуантатынын айтады.
СНХ: АҚЫЛ ҚАРПЫҚБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бас прокуратура Ұлттық банкпен бірлесіп қаржылық алаяқтыққа қарсы күреске арналған Антифрод-орталықты іске қосты. Оның негізгі міндеті - алаяқтық операцияларды дер кезінде анықтап, күмәнді ақша аударымдарын жедел бұғаттау. Антифрод-орталықтың жұмысы нәтижесінде биыл алаяқтық қылмыстары 52 процент азайып, 1120-дан 530 дерекке дейін төмендеді. Ал интернет-алаяқтық фактілері 927-ден 409-ға дейін азайды.
РКС: Қылмыстың алдын алуда цифрландырудың да мүмкіндігі кеңейіп келеді. Бүгінде QAMQOR.GOV.KZ порталында қылмыс картасы, жол-көлік оқиғалары картасы, кәмелетке толмағандар қылмысы, жыныстық қол сұғушылық жасаған тұлғалар және кәсіпкерлерді тексеру карталары қолжетімді. Сондай-ақ азаматтар соттылық туралы анықтама алу, қылмыс туралы өтініш беру, әкімшілік айыппұлдарды тексеру және өз өтінішінің қаралу барысын онлайн бақылау мүмкіндігіне ие. Ал қылмыстық істердің 90 проценті бүгінде электронды форматта тергелуде.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ