ДИКТОР: Көкшетауда «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасының қорытындысы шығарылды. Шара барысында мемлекеттік органдардың, әскери бөлімдердің, жастар ұйымдарының өкілдері және жоба қатысушылары мерзімді әскери қызметтен өткен жастарды жұмыспен қамту мәселелерін талқылады.
РКС: Өңірде аталған жоба 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Басты мақсат әскерден кейінгі жастарға жұмыс табуға көмектесу. Ұйымдастырушылар мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және бизнес құрылымдарымен өзара ынтымақтастық орнатқан.
СНХ: ҮМІТЖАН ҚҰСМАҒАН, ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ: Бүгін сертификат алдым. Бұл жобаға қосқан үлесім мен атқарған еңбегімнің бағаланғаны деп есептеймін. Осы жоба арқылы арман-мақсаттарымды жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жастар ресурстық орталығы менің алғашқы жұмыс орным әрі алғашқы кәсіби тәжірибем. Осында мол білім мен тәжірибе жинақтадым.
РКС: Бірнеше жыл ішінде жоба ондаған жасқа болашақ мамандығын таңдауға көмектесті. Әсіресе, мерзімді әскери қызметтен оралған жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Оларға білім алуға, жұмысқа орналасуға және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға жан-жақты көмек көрсетіледі.
СНХ: УМАР ШОНАЗАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ: 2023 жылдан бері бұл жобаны Ақмола облысының ішкі саясат басқармасымен және Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жүзеге асырып келеміз. Жобаның негізгі бағыты идеологиялық жұмыс жүргізіп, жастарды, соның ішінде мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтарды қолдау. Олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесеміз. Құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік мекемелермен, жоғары оқу орындарымен, колледждермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Бүгінде көптеген жас ішкі істер органдарына, төтенше жағдайлар департаментіне, әскери бөлімдерге және жекеменшік компанияларға жұмысқа орналасты. Қазір жоба одан әрі дамып, жаңа бағыттарды қамтып келеді.
РКС: Шараға қатысушылар жобаны жүзеге асыру алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Жоспарда мемлекеттік құрылымдармен, жұмыс берушілермен және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейту. Бұл өз кезегінде жастардың кәсіби тұрғыдан табысты қалыптасуына және өңірдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ