ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысында браконьерлік пен табиғи ресурстарды пайдалану ережелері бұзылуының 200-ге жуық оқиғасы тіркелген. Жергілікті су қоймаларын қорғауға жауапты органдар балықтардың заңсыз аулануына алаңдаулы. Бұл өз кезегінде сирек кездесетін балық түрлерінің азайып кетуіне әкеліп соғады. Толығырақ тілші баяндайды.
РКС: Балық аулауға рұқсат етілген заңнама бар болғанның өзінде, оның талаптарын өрескел бұзатындар көп. Соңғы алты айдың ішінде жауапты орган мамандары 300 келі балық пен 70-тен астам аулау құралдарын тәркілеген. Заң бұзушыларға әкімшілік хаттама толтырылып, 5 млн теңгенің айыппұлы салынған.
СНХ: НЫҒМЕТ ҚАУАШЕВ, ЕСІЛ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Браконьерлік ең алдымен тыйым салынған балық аулау құралдарына қатысты болады. Оның ішінде моножіптен жасалғандарын қолдануға болмайды. қарапайым тілде оларды қытайлық аулар дейді. Қазақстанда мұндай аулау құралдарына тыйым салынған. Тіпті пайдалануға да, сатуға да болмайды. Инспекция мамандары құқық қорғау органдарымен бірге заңсыз балық аулау құралдарын сататын орындарды тексереді.
РКС: Заңсыз балық аулаушылардың аулау құралдары ыдырауға келмейді. Оған түскен балық шіріп кетеді. Бұл өз кезегінде су қоймаларының экожүйесі мен қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Көлдер мен өзендерді тазарту барысында 237 заңсыз балық аулау құралдары табылған. Осындай заңсыздықтар балық саласының ардагерлерін де алаңдатып отыр.
СНХ: АЛДАБЕРГЕН ТӘШЕНОВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Ішкі нарықты балықпен қамтамасыз ету үшін бақылаушы органдар мен инспекциялар штатын көбейту керек. Адам санының жетіспеушілігі бұл жұмыстарды өз деңгейінде атқаруға мүмкіндік бермейді. Жедел іс-қимыл жасайтын мекемелер аса қажет.
РКС. Браконьерлік ¬бұл шешімін күткен жалғыз мәселе емес. Судың қара нарығы деген де бар. Су ресурстарын заңсыз пайдалану егін шаруашылығымен айналысатындар үшін суды тиімді пайдалануға кедергі келтіреді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының дамуын да тежейді.
СНХ: НҰРЛАН ТӨЛЕГЕН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: өкінішке орай мұндай фактілер кездеседі. Ондай заңсыздықтарды жеке тұлғалармен қатар, заңды тұлғалар да жібереді. Су негізінен рұқсатсыз, сорғылардың көмегімен жер үсті су айдынынан алынады. Біз су қоймаларына жиі шығып, бақылап тұрамыз, егер ондай әрекеттер көзге шалынса, жауапқа тартамыз.
РКС: Сарапшылар су ресурстарын заңсыз өндіру және пайдалану экономикалық дамуға кедергі келтіретінін айтады. Ресурстардың сарқылуынан басқа, табиғи қорларды рұқсатсыз пайдалануды шектеумен байланысты шығындарды да ескеру қажет. Мемлекеттік органдар тәулік бойы мониторинг жүргізеді және табиғи су көздеріне немқұрайлы қараудың алдын алады.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, НАИР ЗАХОВАЕВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.