ДИКТОР: Жақсы ауданында «Жасыл мекен - таза өлке» экологиялық сенбілігі өтті. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Сенбілікке мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер мен аудан тұрғындары белсене қатысты.
РКС: Акцияға қатысушылар қоғамдық орындарды тазалап, қоқыс жинап, көшелер мен жасыл аймақтарды ретке келтірді. Сенбілікке Жақсы ауылының 200-ге жуық тұрғыны қатысты.
СНХ: ЖАЙНА МЫРЗАХМЕТ, ЖАҚСЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Құрметті достар! Біз барлығымыз таза әрі көрікті Қазақстанда өмір сүргіміз келеді. Бірақ тазалық өздегеннен пайда болмайды. Ол әр адамның жауапкершілігі мен еңбегінің арқасында пайда болады. Біз барлықтарымызды «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысуға шақырамыз. Бірге сенбіліктерге қатысайық, қоқыстарды арнайы жәшіктерге тастау, табиғатты ластамауға және өзгелерге де үлгі болуға тырысайық. Еліміздің тазалығы өз қолымызда екенін ұмытпайық.
СНХ: МАНСҰР ЕСКЕНДІРОВ, ЖАҚСЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен «Жасыл ел» бағдарламасына екінші жыл қатарынан қатысып келемін. Менің ойымша, ауылымыздың тазалығы әрқайсымызға байланысты. Туған жерге деген сүйіспеншілік туралы көп айтуға болады, бірақ қолымызға қолғап пен қоқыс жинайтын қап алып, айналаны таза ұстауға өз үлесімізді қосқанымыз әлдеқайда маңызды. «Жасыл ел» бағдарламасы маған экологияға басқаша қарауды үйретті. Бұл тек оқулықтағы тақырып емес, нәтижесі бірден көрінетін нақты іс. Құрдастарыма айтарым, бізге қосылыңдар. Кішкентай қадамнан бастаңдар, сонда айналаңның қалай өзгеретінін өздерің көресіңдер.
РКС: Жақсы ауданында экологиялық іс-шаралар игі дәстүрге айналған. Мұнда жыл бойы сенбіліктер, абаттандыру және көгалдандыру акциялары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
СНХ: ЕЛАМАН ҚАРАШИН, ЖАҚСЫ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Жақсы ауданында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі күнге дейін аудан көлемінде 127 сенбілік пен 115 «Таза бейсенбі» акциясы өткізілді. Бұл шараларға жалпы 12 мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар түрлі экологиялық акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
РКС: Экологиялық акция елді мекеннің тазалығын сақтауға үлес қосудың ғана емес, тұрғындар арасында табиғатқа жанашырлықпен қарау, қалдықтарды бөлек жинау сондай-ақ, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің тиімді алаңына айналды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ