ДИКТОР: Ақмола облысында шалғай ауылдардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін өңірде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында тағы 29 өрт сөндіру бекеті ашылады. Бұл өртке ден қою уақытын қысқартып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
РКС: Соның бірі жуырда Жақсы ауданына қарасты Есіл ауылында пайдалануға берілді. Жаңа өрт сөндіру бекеті мыңнан астам тұрғыны бар екі елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бөлімше заманауи өрт сөндіру автоцистернасымен, арнайы техника және қажетті құтқару құралдарымен толық жабдықталған. Бұл құтқарушылардың оқиға орнына уақыт оздырмай жетіп, өрттің алғашқы кезеңінде тиімді әрекет етуіне мүмкіндік береді.
РКС: Дәл осындай өрт сөндіру бекеті Бурабай ауданының Веденовка ауылында да табысты жұмыс істеп келеді. Мұндағы ерікті жасағы маңайдағы тағы бес елді мекеннің қауіпсіздігіне жауап береді. Арнайы техникамен толық қамтылған бөлімше тәулік бойы кез келген шақыртуға сақадай сай.
СНХ:ҚАЙЫРБЕК ШАЯХМЕТОВ, ВЕДЕНОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің елді мекен аудан орталығынан 60–70 шақырым шалғайда орналасқан. Сондықтан төтенше жағдай болған кезде өз күшімізбен өртті сөндіруге мүмкіндік болғанының маңызы зор. Ауыл тұрғындары бұған өте қуанышты.
РКС: Өрт сөндіру бекеті жергілікті шаруа қожалығының аумағында орналасқан. Мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін бейнебақылау жүйесі іске қосылған. Ауылдың әр тұсын қамтитын 52 камера арқылы диспетчер түтін немесе өрт белгілерін бірден байқап, құтқарушыларға жедел хабар береді.
СНХ: САМАТ БАПИШОВ, БУРАБАЙ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Мына бөлме диспетчердің бөлмесі деп аталады. Осы жерден диспечер қарап отырады күні-түні бойы. Ауылда, қандай бір ғимараттар бар, соны қарап отырады. Егер бір жерде түтін бірдеңе шығып жатса, осы жерден сигнал беріледі.
РКС: Жыл басынан бері өңірдегі ерікті құтқарушылар Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірлесіп 60-тан астам өртті сөндіруге қатысқан.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Ауыл құтқарушылары» бөлімшелері өрт шыққан жерге барынша жедел жетіп, мемлекеттік өртке қарсы қызмет келгенге дейін алғашқы әрекет етуді қамтамасыз ету үшін құрылған. Олар өрттің таралуына жол бермей, алғашқы құтқару жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде Ақмола облысында осындай 41 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін олардың қатары тағы 29 бекетпен толықпақ. Бұл жоба жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен табысты жүзеге асырылуда. Олар өрт сөндіру бекеттерінің ғимараттарын салуға қаржы бөліп қана қоймай, онда қызмет ететін мамандардың еңбекақысын да қаржыландырып келеді.
РКС: Бүгінде елімізде «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында 213 ерікті өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Ақмола облысындағы әрбір бөлімшеде үш маман қызмет етеді. Бұл жоба шалғай ауылдардағы қауіпсіздік қалқанын күшейтіп, өртке жедел ден қою жүйесін қалыптастыруда.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ