ДИКТОР: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындардың талап-тілегін дер кезінде шешуге бағытталған. Осы қағидат аясында Целиноград ауданында бірқатар жүйелі жұмыс қолға алынып, аудан инфрақұрылымын жаңғыртуға айырықша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, биыл ауданның 7 елді мекенінде балалар және спорт алаңдары пайдалануға берілді. Жаңа нысандар ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік жасап отыр.
РКС: Аталған жобаның игілігін бүгінде Нұресіл, Софиевка, Ақмол, Сарыкөл, Жарлыкөл, Раздольное және Рахымжан Қошқарбаев ауылының тұрғындары көріп отыр. Мұндағы қоғамдық кеңістік заманауи ойын кешендерімен және спорттық тренажерлармен жабдықталған.
СНХ: ЯКОВ МОФА, АУДАН ТҰРҒЫНЫ: Бұл - ауыл бүлдіршіндері үшін үлкен қуаныш. Тіпті, алаң ашылмай жатып, олар бәрін көріп, қызықтап жүрген еді. Осындай игі бастаманы қолға алып, жүзеге асырған азаматтарға алғысымыз шексіз. Бұрынғы әкім бастаманы көтерсе, жаңадан сайланған әкім оны қолдап, соңына дейін жеткізді. Бүгін бәріміз осы қуанышты сәттің куәсі болып тұрмыз. Ауыл тұрғындарының бәрі дән риза.
РКС: Жергілікті халық мұндай қоғамдық кеңістіктерді көптен күткенін айтады. Айтуларынша, мұндай бастамалар ауыл өміріне серпін беріп, жас ұрпақтың дені сау болып өсуіне ықпал етеді.
СНХ: ХАНШАЙЫМ РАҚЫМБЕКОВА, РАХЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: Жоба аудандық бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылды. Балаларымыз да, ауыл тұрғындары да жаңа нысанның ашылғанына өте қуанышты.
РКС: Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Жыл соңына дейін тағы бірнеше елді мекенде спорт және ойын алаңдарын салу жоспарланып отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ