ДИКТОР: Шомылу маусымының басталуына орай Ақмола облыстық төтенше жағдай мен прокуратура саласының қызметкерлері су қоймаларындағы оқыс оқиғалардың алдын алу шараларын күшейтті. Бурабай курортты аймағы жағалауларының бірінде «Қауіпсіз жағалау» акциясы өтті. Жағалау иелері мен дем алушыларға судағы қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Толығырақ тілші баяндайды. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Акция барысында қатысушыларға зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету тәртібі көрсетілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары демалу орнын алдын ала дайындау талаптарын түсіндірді. Ең басты назар қажетті құралдардың болуы, құтқару қызметінің кезекшілігін ұйымдастыру және тұрғындарды суда қауіпсіздік шараларын сақтауына қатысты ақпараттандыруға аударылды. 

 СНХ: РИНАТ ВАЛИШАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін біз Бурабай көлінің жағалауы мен жағажай аймақтарын, тіпті бүкіл Бурабай ауданын мекендейтін барлық жер пайдаланушылармен нәтижелі кездесу өткіздік. Бұл бір реттік бастама емес, біз бұл жұмыстарды басқа көлдерде де жалғастыруды, басқа кәсіпкерлермен және жүзу айдындарының иелерімен байланыс орнатуды көздеп отырмыз. Негізгі мақсат - барлық қатысушылармен байланыс орнату және осы жағажайларға келетін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

РКС: Суда қауіпсіздік ережелерін сақтау демалушылардың тікелей өзіне байланысты. Біздің түсірілім тобы олардың қаншалықты қауіпсіздік шараларын сақтайтынын сұрап білді. 

 СНХ: ӘЛИЯ КӨСЕТОВА, ДЕМАЛУШЫ: Қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын әрбір ата-ана мен ересек адам қатаң сақтауы керек деп санаймын. Маусымдық шомылуға арналған нақты, ресми түрде жарияланған кезеңдер бар. Сондай-ақ, балалар мен ересектерге арналып жабдықталған қауіпсіз жағажайлар және жас ерекшеліктеріне сәйкес арнайы шомылу аймақтарын таңдау өте маңызды. Сондай-ақ, 112 төтенше жағдайлар қызметінің ескертулеріне назар аудару керек, қатты ыстық, дауыл туралы ескертулер немесе судағы басқа да қауіпті жағдайлар кезінде аса сақ болу және ұсынылған нұсқауларды орындау маңызды.

СНХ: ГҮЛНӘР ДҮЙСЕНБАЕВА, ДЕМАЛУШЫ: Енді бірінші ереже теңізге, көлге келгенде балаларды бақылау, балалардың қасынан шықпау керек. Кішкентай балаларды жалғыз өздерін қалдырмау қажет. Ең бірінші ереже сол. Ата-аналар алып келді ме, таңнан кешке дейін бақылауында болу керек. Ата-аналар ішпеуі керек. Сол енді. Бірінші айтатыным балаларға бір-бірімізге қарап жүріңіздер деп, және алысқа бармау, алысқа жүзудің керегі жоқ деп айтамын. Сосын үлкендерге: кішкентайларға қараңыздар деп айтамын. Қолдарына нарукавниктер кию керек. Негізі, бірінші жүзуге болады ма, болмайды ма соны қарап алу керек. Негізінде инструктор шақырады ғой. Инструкторды тыңдап, содан кейін барып кіреміз. Негізі, келгенде оның қандай балықтар бар, улы ма, шаға ма бәрін қарап аламыз. Және де рұқсат етілген жерде ғана жүзуге болады деп балаларға айтамыз.

РКС: Шараның соңында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері туралы жадынамалар таратылды. Нақты мәліметтерге сүйенсек, көптеген оқыс оқиғалар белгіленбеген орындарда және ішімдік ішіп түскен кезде орын алады. Тағы бір кең таралған себеп¬ – ересектердің балаларға жеткілікті бақылау жасамауы. Жыл басынан бері су айдындарында ажал құшқандардың саны 15 адамға жеткен. 

 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.