ДИКТОР: Киокушинкай каратэ-додан KWF нұсқасы бойынша өткен World Cup Varna 2026 әлем кубогында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға жетті. Ұлттық құрама қоржынында 11 алтын медаль. Халықаралық жарыс шілденің 6-сы мен 7-сі күндері Болгарияның Варна қаласында өтті. Дүбірлі додаға 26 елден келген 436 спортшы қатысты.

РКС: Аталған жарыста Ақмола облысының намысын төрт спортшы қорғады. Олар түрлі жас және салмақ дәрежесінде үш жүлдеге қол жеткізді. Снежанна Анопова 18–21 жас санатында қола медаль жеңіп алса, Рауан Оланұлы 14–15 жас санатында күміс жүлдегер атанды. Дәл осы жас санатында Таир Вебер алтын медаль иеленді.

СНХ: ТАИР ВЕБЕР, WORLD CUP VARNA 2026 ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Ауылымызда каратэ үйірмесі ашылды. Сол үйірмеге қатысып, бұл спортпен ұзақ уақыт айналысамын деп ойлаған жоқпын. Содан төрт жыл өтті. Әлем кубогына қатысатынымды естігенде, оған өте үлкен жауапкершілікпен қарадым. Күн сайын екі рет жаттығып, тәртіп пен күн тәртібін қатаң сақтадым. Нәтижесінде осындай жоғары жетістікке қол жеткіздім.

РКС: Облыстың түрлі аумақтарда жаттығу залдары ашылып жатыр. Бұл жастардың кәсіби спортшы ретінде ғана емес, жеке тұлға ретінде де қалыптасуына, тәртіп пен мінез-құлқын шыңдауына мүмкіндік береді. Қазір өңірде киокушинкай каратэ-додан KWF федерациясында 400-ге жуық спортшы жаттығады.

СНХ: ЕРКЕБҰЛАН СЕЙІТҚАЛИЕВ, ОБЛЫС ҚҰРАМАСЫНЫҢ КИОКУШИНКАЙ КАРАТЭ-ДОДАН KWF БОЙЫНША БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: Жекпе-жектер өте тартысты болды. Соған қарамастан спортшыларымыз лайықты бақ сынап, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Турнир алдында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Сонымен қатар, спортшылар Астанаға барып, спаррингтік кездесулерге қатысты, түрлі рейтингтік жарыстарда бақ сынады. Осындай дайындықтың нәтижесінде әлем кубогында жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Ең алдымен тәртіп қажет. Тұрақты түрде жаттығу керек. Сонымен қатар, нағыз жауынгерлік мінез болуы тиіс.

РКС: Жаттықтырушылар Қазақстанда киокушинкай каратэ қарқынды дамып келетінін айтады. Спортшылар халықаралық ареналарда тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Жарты жыл бұрын Сауд Арабиясында өткен KWF каратэден әлем чемпионатында да қазақстандықтар көптеген жүлделі орындарға ие болған. Алдағы уақытта федерация жетістіктерін одан әрі арттырып, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуді мақсат етіп отыр.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, НАИР ЗАХОВАЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ