ДИКТОР: Өңірде биыл кене шағу деректері 1,1 есеге артқан. 791 адам кене шағуынан зардап шексе, өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 678 болған. Зардап шеккендердің 198-і немесе 25 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Кене арқылы таралатын инфекциялардың алдын алу шаралары және өңірдегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал қандай? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингтен тілшіміз баяндайды. 

РКС: Биыл көктемнің ерте келуі мен қардың тез еруіне байланысты кене энцефалитінің эпидемиологиялық маусымы әдеттегіден ертерек басталды. Соның нәтижесінде кенелердің белсенділігі артып, медициналық көмекке жүгінген тұрғындар саны да көбейген. Эпидемиялық маусым басталғалы бері кене энцефалитін жұқтырудың зертханалық жолмен расталған алты жағдайы тіркелді. 2 жағдай — Бурабай ауданында, 2-уі — Сандықтау ауданында және тағы 2-уі — Көкшетау қаласында тіркелді. Сонымен қатар, кене боррелиозының 2 жағдайы анықталды: біреуі — Сандықтау, екіншісі — Бурабай ауданында.

СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бізде 2010 жылдан бастап Сандықтау ауданының территориясы кене энцефалиті бойынша эндемиялық аудан болып саналды. Бұл ең біріншіден, Айыртау ауданы осы ендемиялық аудан саналатын. Сандықтау жақын болғасын, ол да солай саналды. Ол жақтарда кенелердің шағу жағдайлары жиі кездеседі. 2010 жылдан бастап сол кене энцефалиті сол ауданда жиі кездесіп отыратын болды. Қазіргі таңда Бурабай ауданы, Көкшетау қаласы аумағы, Зеренді ауданы да Сандықтау ауданы сияқты кене энцефалиті территориясына жақын болып келеді.


РКС: Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, кене энцефалитінің табиғи ошақтарында жұмыс істейтін адамдарға, мысалы, орман шаруашылығы қызметкерлеріне, ағаш кесу зауытының жұмысшыларына, орманшыларға, шопандарға және жабдық операторларына, сондай-ақ кәсіби қызметі барысында осындай жерлерге үнемі баратындарға кене энцефалитіне қарсы вакцинация қажет. Көктем мен жаз мезгілдерінде кене шағуының алдын алу үшін далада жүргенде қорғаныс киімін киіп, репелленттерді қолданып, табиғат аясында серуендеп келгеннен кейін денені үнемі тексеріп отыру қажет. Кене шағып алған жағдайда емдеуді кешіктірмеу үшін дереу медициналық көмекке жүгінген абзал,-дейді мамандар.

СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі таңда медицина ұйымдарында керекті вакцина, иммуноглобулин барлығы бар. Кене шаққан адамдарға бір ұсыныс, кенені уақытылы анықтаған кезде, уақытылы медицина ұйымдарына көмекке жүгіну қажет. Алғашқы 72 сағаттың ішінде жүгінген кезде ғана иммуноглобулин қойылатын болады. Бізде кене шаққан адамдар уақытында медициналық көмек алып, сауығып шықты. 

РКС: Адамдарды, жануарларды, үй-жайларды және аумақтарды жәндіктер мен буынаяқтыларды жоюға бағытталған алдын алу және жою шараларының бірі - дезинсекция. Кене энцефалитіне қарсы вакцинация жыл сайын жүргізіледі. Биыл вакцина алуға тиісті 357 адамның 303-і егілді. Қазір кене энцефалитіне қарсы вакцинаның 164 дозасы бар.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ