ДИКТОР: Елімізде мемлекеттік білім грантына құжат қабылдау басталды. Ол шілденің 20-на дейін жалғасады. Талапкерлер өтінішті egov порталы арқылы онлайн немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларына барып тапсыра алады. 

РКС: Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты, 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру ұйымын аяқтағаны туралы диплом қажет. Ал жеңілдетілген санат бойынша үміткерлер өз мәртебесін растайтын құжаттарды да қоса тапсырады.

СНХ: ДИНАРА РЫСПАЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Қабылдау комиссиясының мамандары талапкерлерге кеңес беріп, қабылдау науқаны барысында құжаттарды дайындау мен рәсімдеуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мамандық таңдауда талапкерлерге тек грант санына ғана емес, өздерінің кәсіби қызығушылықтарына, қабілеттеріне және болашақтағы еңбек нарығындағы сұранысқа да назар аударуларына кеңес береміз.

РКС: Бірақ грантқа үміткердің бәрі бірдей қатыса алмайды. Конкурсқа жіберілу үшін талапкерлер ҰБТ-да белгіленген шекті балдан өтуі тиіс. Ең жоғары талап педагогика мен құқық мамандықтарына қойылған, олар кемінде 75 балл жинауы тиіс. Денсаулық сақтау бағытына - 70, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін - 65, ал өзге бағыттардың басым бөлігі бойынша ең төменгі шек - 50 балл.

СНХ: ӘСЕМ ҚАСЫМОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Менің қызым ҰБТ-дан «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша 87 балл жинады. Біз Б057 білім беру бағдарламасы бойынша құжат тапсырамыз. Грантқа түсеміз деп үміттенеміз әрине. Себебі бұл алдағы уақытта қаржылық жағдайымызды едәуір жеңілдетер еді. Өйткені ақылы бөлімде оқыту отбасымызға үлкен салмақ түсіреді. 

РКС: Ауыл жастары мен әлеуметтік осал топ санатына жататын талапкерлер үшін биыл да мемлекеттік квоталар сақталған. Ал қабылдау науқаны толықтай цифрлық жүйе арқылы жүргізіліп, грант конкурсының ашықтығы қамтамасыз етілуде. Мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі тамыздың 10-на дейін жарияланады. 

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ