ДИКТОР: Соңғы үш күнде өңірдегі су айдындарында 9 жазатайым оқиға тіркелді. Құтқарушылар мұндай алаңдатарлық жағдайға алаңдаушылық білдіруде. Тек соңғы бір тәуліктің өзінде суда төрт жазатайым оқиға орын алды. Соның салдарынан үш адам қаза тауып, бір адам ауыр жарақат алды. Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері шомылуға тыйым салынған жерлерде суға түсу және алкогольдік масаң күйде шомылу.

РКС: Өкінішке қарай, күні кеше Целиноград ауданында да қайғылы оқиға орын алды. 2015 жылы туған бала шомылуға рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, батып кетті. Сондай-ақ, Атбасар ауданында да қайғылы жағдай орын алды. Бес бала өзенді жүзіп өтпек болған. Олардың бірі, 2008 жылы туған жасөспірім суға батып қайтыс болды. Бұл оқиға да шомылуға тыйым салынған жерде болған.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Кеше өңірде екі жазатайым оқиға тіркелді. Алғашқысы Ақкөл ауданында болды. Түнгі уақытта ер адам көлігімен жолдан шығып кетіп, Талқара өзеніне құлап, суға батып кетті. Екінші жазатайым оқиға Аршалы ауданында орын алды. Жібек жолы кентіндегі демалыс орындарының бірінде 23 жастағы ер адам тереңдігі 1,5 метр болатын бассейнге секіріп, ауыр жарақат алды. Қазір ол Астана қаласындағы ауруханалардың бірінің жансақтау бөлімінде жатыр. Өкінішке қарай, Ақмола облысында адам өліміне әкелген барлық қайғылы оқиғалар шомылуға тыйым салынған орындарда орын алуда.

РКС: Өңірде 700-ден астам су айдыны бар. Былтыр Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өңірдегі 104 шомылу орнын тексерді. Оның 68-і демалуға қолайлы деп танылғанымен, шомылуға ресми түрде тек 16 жағажайға рұқсат берілген. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті мыңнан астам рейдтік-профилактикалық шара өткізді. Нәтижесінде 244 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

СНХ: ТАЛҒАТ АЙТБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ-ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күн сайын су айдындарында рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізеді. Патрульдеу ұйымдастырылып, кәмелетке жасы толмағандармен түсіндіру жұмыстары өткізіледі. Себебі балалардың ересектердің қарауынсыз суға түсуіне тыйым салынған. Сонымен қатар, тұрғындарға жадынамалар мен ақпараттық парақшалар таратылады.

РКС: Құтқарушылар тұрғындарды жағажайда демалу кезінде сақ болуға және балаларды жіті бақылауға шақырады. Сондай-ақ, масаң күйде суға түспеуге және тыйым салынған жерлерде шомылмауға кеңес береді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, НАИР ЗАХОВАЕВ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ