ДИКТОР: Жыл сайын әлемде миллиондаған жан адам саудасының құрбанына айналады. Осы қылмыстың алдын алып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында елімізде «Адам саудасы – ауыр қылмыс» атты республикалық ақпараттық акция өтуде. Науқан шеңберінде Ақмола облысының полицейлері Көкшетау теміржол вокзалында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жолаушыларға қылмыстан сақтану жолдары мен қауіпсіздік шараларын түсіндірді.

РКС: Адам саудасы – жасырын сипатқа ие, қоғам үшін ең қауіпті қылмыс түрінің бірі. Қылмыскерлер көбіне азаматтардың сеніміне кіреді, жоғары жалақысы бар жұмыс немесе шетелге шығу мүмкіндігін ұсынып, оларды өз қақпанына түсіруге тырысады. Мамандар кез келген ұсынысты мұқият тексеріп, жеке құжаттарды бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

СНХ: АЯН ОСПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: 2024 жылғы 24-30 шілде аралығында елімізде адам саудасы ауыр қылмыс республикалық ақпараттық науқаны өтуде. Осыған орай Ақмола облысының полиция департаменті халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және адам саудасының алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын жүргізуде. Науқанның мақсаты адам саудасының алдын алу, азаматтарды алаяқтардың арбау тәсілдері туралы хабардар ету. Адам саудасының алдын алу – бәріміздің қырағылығымыз бен жауапкершілігімізге байланысты.

РКС: Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тек вокзал аумағымен шектелмейді. Науқан шеңберінде еліміздің төрт бағыты – солтүстік, оңтүстік, батыс және шығыс бойынша үгіт-насихат пойыздары жолға шықты. Солтүстік бағыттағы маршрут Петропавл қаласынан басталып, Көкшетау арқылы Қарағандыға дейін жалғасады. Ақпараттық пойыздары арқылы еліміздің 12 қаласында профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

СНХ: АЯКӨЗ БӘЙМЕНОВА, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен желілік полиция бөлімінің мамандары кіреді. Сапар барысындағы негізгі міндет – адам саудасы мен қанаудың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізу. Жолаушыларға ақпараттық материалдар таратылып, анонимді түрдегі сауалнамалар жүргізіледі. Сондай-ақ адам саудасына қатысты өтініштер қабылданып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі талаптарына сәйкес әрі қарай тексеруге жіберіледі.

РКС: Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр елімізде адам саудасына байланысты 164 қылмыс тіркелген. Осы кезеңде 171 жәбірленушіге арнайы әлеуметтік көмек көрсетілді. Оларға уақытша баспана беру, медициналық және психологиялық қолдау көрсету, құжаттарын қалпына келтіру және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бағытындағы мәселелер жатады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ