ДИКТОР: Бес жыл бойы көкшетаулық саяхатшы-зерттеуші Андрей Белик Ақмола мен Солтүстік Қазақстан өңірлерінің көрікті жерлеріне жаяу жорық жасап келеді. Осы уақыт ішінде ол Жыланды шоқылары, Тасшалқар көлінің маңы және өзге де тарихи маңызы бар орындарды аралап, өңірдегі бірнеше өзенмен қайық арқылы саяхат жасаған. Сапарлары барысында тарихи орындардың шығу тарихына қатысты архивтік және ауызша деректерді жинап, жергілікті тұрғындардың естеліктері мен аңыздарын хатқа түсірумен айналысады. Танымал саяхатшымен тілшіміз Евгений Варанкин сұхбаттасып қайтты.

РКС: «Синегорский рейнджер» жобасы автордың жеке жаяу жорықтарынан бастау алған. Уақыт өте келе оның ауқымы кеңейді. Алғашында Андрей табиғат аясындағы ерекше орындарды суретке түсірсе, кейін саяхаттары туралы бейнероликтер дайындап, танымдық сюжеттер әзірлей бастады. Бүгінде оның экспедицияларының басты ерекшелігі – көпшілік біле бермейтін немесе ұмыт қалған тарихи деректерді зерттеп, оларды жұртшылыққа таныстыру. Осы арқылы өлкенің тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға үлес қосып келеді.

СНХ: АНДРЕЙ БЕЛИК, САЯХАТШЫ-ЗЕРТТЕУШІ: Алғашқы жорықтарым бала кезімде басталды. Әкем аңшы болатын. Табиғатта өзін қалай ұстау керектігін үйретті. Бірте-бірте үйден жырақтау жерлерге өзім шыға бастадым. Сөйтіп туған өлкемді аралауға қызығушылығым артты. Көкшетау аумағы негізінен орманды-дала мен ұсақ шоқылы жерлерден тұрады. Кейін біртіндеп өлкетанумен айналыса бастадым. Ел ішінде көнекөз қарияларды, жергілікті тұрғындарды іздеп тауып, олардан осы өңірге қатысты аңыз-әңгімелер мен тарихи оқиғаларды жазып алдым. Негізгі мақсаттарымның бірі – жер-су атауларының тарихи атауларын қайта жаңғырту. Осыған байланысты картография бағытында тағы бір жобамен айналысып жүрмін. Туризмге арналған, масштабы 500 метрлік егжей-тегжейлі топографиялық карталар әзірлеймін.

РКС: Өлкетанушының еңбегі туризм саласының мамандары тарапынан да жоғары бағаланады. Олар мұндай зерттеулер өңірдің табиғи, тарихи және мәдени мұрасын кеңінен танытып, жастардың туған жерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін айтады.

СНХ: ЕВГЕНИЙ ЕФРЕМОВ, ОБЛЫСТЫҚ СПОРТТЫҚ ТУРИЗМ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: Андрей Белик секілді азаматтардың арқасында облысымыз өңірімізге ғана емес, көршілес елдерге де танылуда. Ол туған өлкеміздің тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Өкінішке қарай, көптеген тарихи деректер ұмытылып барады. Осындай жандардың еңбегі арқылы өңірімізді тереңірек танып келеміз. Андрейге үлкен алғыс айтамын. Бүгінде ол өңірімізде ғана емес, басқа аймақтарда да танымал. Спорттық туризмге қатысты шараларда жиі кездесеміз. Ол жорықтарға қатысты тәжірибесімен бөлісіп, бізбен тығыз жұмыс істейді. Бірлескен жорықтар мен түрлі шараларды ұйымдастырамыз. Оның көп бағытты жақсы білуі біздің жұмысымызға зор көмегін тигізеді.

РКС: Көкше жерінің тарихын табанымен өлшеп жүрген Андрей Белик үшін әр сапар – жаңа жаңалыққа бастар жол. Оның айтуынша, әр жорық туған өлкенің бай мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік береді. Сондықтан ол тарихи орындарды аралап қана қоймай, олардың өткені туралы деректерді жинап, кейінгі ұрпаққа жеткізуді өзіне маңызды міндет санайды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ