ДИКТОР: Аймақта егін орағы басталды. Алғашқылардың бірі болып науқанға Есіл ауданының диқандары кірісті. Өңір басшысы Марат Ахметжанов орақ жұмыстарының барысымен танысып, шаруалармен кездесті. Биылғы басты міндет - әрбір масақты ысырапсыз жинап, науқанды уақытылы аяқтау.
ИНТЕРШУМ:
РКС: «Шаңырақ» серіктестігі биыл 40 мың гектар алқапқа жаздық дақыл еккен. Оның 23 мың гектары - бидай, 6 мыңы - арпа. Сонымен қатар мұнда майлы және мал азықтық дақылдар өсіріледі. Қазір диқандар сұлыны оруға кіріскен. Алғашқы өнім гектарына 20 центнерден айналып отыр.
СНХ: УӘЛИ РАХМЕТОВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Шаруашылықта 24 комбайн жұмыс істейді. Әр буында төрт комбайн және бір астық жинақтаушы бункер бар. Соның арқасында техника уақыт жоғалтпай жұмыс істейді. Былтыр дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 17 центнер болды. Биыл жауын-шашынның мол түсуінің арқасында бұл көрсеткіш кемінде 20 центнер болады деп күтіп отырмыз. Қазір сұлыны жинап жатырмыз. Келесі кезекте арпа орағын бастаймыз.
РКС: Биыл облыс бойынша 5,6 миллион гектар алқапқа дән сіңірілді. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында шаруалар «Кең Дала» және «Кең Дала-2» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несие алды. Сондай-ақ арзандатылған дизель отыны литріне 281 теңгеден берілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алу шығындарының бір бөлігі де субсидияланды.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазір енді, міне, комбайндарымыз алаңға шығып, сұлу жинау науқаны басталды. Жалпы енді өздеріңіз көріп отырғандай, осы шаруашылықтар Есіл ауданында биылғы мемлекет тарапынан берілген қаражатты өте мақсатты, тиімді пайдаланып, жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп үміттеніп отыр. Осындай жаңағыдай үлгілі болып, бәріне ең бірінші болып, Ақмола облысында егін жинау науқаны басталды. Бәріңізге құтты болсын. Жақсы өнім күтеміз енді, осындай. Еліміздің қоймасы жақсы өнімге толы болсын. Ауа райы күзде осы егін жинау науқаны кезінде қолайлы болсын шаршағандарға. Сол үшін мемлекет тарапынан Президенттің тапсырмасы бар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауыл шаруашылығына деген көзқарасын білесіздер. Қолдау өте қомақты қолдау. Сол арқасында осы жақсы өнім үшінші жыл қатарынан алынып жатыр.
РКС: Орақ науқанына шамамен 9 мың ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Оның жартысынан астамы - заманауи жоғары өнімді комбайндар. Сондай-ақ мемлекет тарапынан 400 мың тоннаға жуық жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Диқандар ауа райы қолайлы болса, егінді қысқа мерзімде әрі ысырапсыз жинап алуды жоспарлап отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ