ДИКТОР: Ұлттың болмысы - тарихында, тәрбиесі - оның дәстүрінде. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық құндылықтар - халықтың келешекке бағыт беретін темірқазығы. Бүгінде заманауи білім беру кеңістігінде балаға тек білім беру емес, оның бойына ұлттық сана, туған жерге сүйіспеншілік, ата дәстүрге құрмет қалыптастыру маңызды міндеттің бірі. Осы мақсатта Жарқайың ауданында «Этноауыл – ұлттық мұраның қайнар көзі» атты өңірлік тәжірибе алмасу семинары өтті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қазақы дәстүрмен қарсы алған қонақтар үшін бұл күн ұлттық мұрамен қайта қауышқан, тағылымы мол ерекше сәтке айналды. Семинарға білім беру саласының мамандары, педагогтер, жергілікті қоғамдастық өкілдері мен қолөнер шеберлері қатысып, ұлттық тәрбие бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті. Шара жазғы демалыс алаңдарында жүзеге асырылып жатқан «Этноауыл» жобасы аясында үздік тәжірибелерді таныстыру, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жұмысын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
СНХ: ГҮЛМИРА МҰСТАФИНА, АТБАСАР ҚАЛАСЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: Семинар бізге өте ұнады. Өте пайдалы әрі мазмұнды өтті. Өзіміз үшін көптеген жақсы тәжірибе алдық. Алдағы уақытта осы тәжірибелерді өз ауданымызда да қолданамыз. Бүгінде осындай шараларды өткізу өте маңызды. Себебі балаларымыз ата-бабамыздың салт-дәстүрін біліп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі керек. Бұл – тәрбиедегі маңызды бағыт деп есептеймін.
РКС: Семинардың алғашқы алаңы - ұлттық қолөнер мен тұрмыс көрмесі. Мұнда қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан қолөнер дәстүрлері таныстырылды. Киіз басу, жүн түту, жіп иіру, кілем тоқу секілді ұлттық өнер түрлері көрермен назарына ұсынылды. Әр бұйымның артында халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, еңбегі мен даналығы жатыр,-дейді қатысушылар.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: САНДЫБАЙ ҚОСЫМБАЕВ, ЕСІЛ БАЛАЛАР МУЗЫКА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Мына киіздер, киіздердің ішінде не бір сондай бұрынғы қолөнерлері, жүн түту, жаңағы киізге керек нәрселерін жасау, текеметті қалай істеу керек екенін бәрін көрсетіп жатыр. Бұл біздің ұмытылып бара жатқан бұрынғы дәстүр, қолөнерлерімізді қайтадан жаңғырту ретінде жасалып жатқан семинар. Бұның біздің ұрпағымызға деген берері көп. Біздің кейінгі жастарымыз, кейінгі балаларымыз қолөнерлерді көп біле бермейді. Соларға үлкен үлгі, үлкен өнеге болып саналады. oсындай семинарлар көбірек болса екен деймін, менің айтарым.
РКС: Этноауыл аясында қатысушылар ұлттық тағамдардан, дәстүрлі ойындардан және халқымыздың ғасырлар бойы жалғасқан салт-дәстүрлерінен көрініс тапқан тәрбиелік құндылықтармен танысты. Сүйінші сұрау, бесікке салу, бата беру сияқты ұлттық ғұрыптар арқылы ата-баба мұрасы дәріптелді. Бұл тәжірибелік алаң ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жас ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беруге бағытталған маңызды қадам, -дейді ұйымдастырушылар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ