ДИКТОР: Жақсы ауданында «Ақ-Бидай – 2026» жазғы аудандық спартакиадасы өтті. Дәстүрлі спорт додасына 14 команда қатысты. Екі күнге созылған жарыста спортшылар спорттың бірнеше түрінен бақ сынады. 

РКС: «Ақ бидай» жазғы спартакиада ауданда осымен 35-ші мәрте өтті. Дәстүрлі дүбірлі додаға Тарасовка ауылы жан-жақты дайындалып, қатысушыларды лайықты қарсы алды. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер спортшыларды қолдап, 300 мың теңге көлемінде жүлде қорын тағайындады. Жарыстың бас төрешісі Радион Кадрашов мұндай ауқымды додаға алғаш рет төрелік етіп отырған жоқ. Спартакиаданың ұйымдастырылуы мен қатысушылардың спорттық дайындығы айтарлықтай жоғары деңгейде болды,-дейді төреші.

СНХ: РАДИОН ҚАДРАШОВ, ТӨРЕШІ: Барлығы өте жақсы ұйымдастырылған. Жарыс өткізуге де, қатысушыларға да барлық қажетті жағдай жасалған. Команданың барлығы толық құраммен келіп, бірыңғай спорттық киіммен қатысып жатыр. Ауылдық деңгейдегі жарыс үшін мұндай ұйымшылдық өте керемет. Бастысы – осы жастардың спортта шыңдалып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуі. Болашақта бүгінгі қатысушылардың облыстық жарыстарда жеңімпаз атанып жүргенін көрсек деймін.

РКС: Жарыс шілденің 24-і басталды. Екі күнге созылған спартакиадада командалар спорттың 10 түрінен сынға түсті. Жеңіл атлетика, футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, шахмат, гір көтеру және армрестлинг бойынша өзара бақ сынасты. Жарыс алаңдарында төрешілер мен медицина қызметкерлері үздіксіз жұмыс істеді. Ал тартысты кездесуге жиналған жанкүйерлер спортшыларға қолдау көрсетіп, жарыстың көркін қыздырды.

СНХ: ТЕМІРЛАН НҰРҒАЛИ, ТАРАСОВКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің ауылда мұндай стадион да, мұндай деңгейдегі спартакиада да бұрын-соңды болмаған. Спартакиада ауылымызда алғаш рет өтіп отыр. Бұған дейін соңғы рет 1992 жылы ұйымдастырылған еді. Қазір алаңда ойнап жатқан Киров командасына жанкүйермін. Бұл - менің сүйікті командам. Олар жеңіске жетеді деп ойлаймын.

РКС: Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Запорожский ауылдық округінің командасы иеленсе, екінші орын Жақсы ауылының спортшыларына бұйырды. Ал үшінші орын Жаңа Қима ауылдық округінің командасына табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ