ДИКТОР: Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақмола облысында білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Биыл өңірдегі 10 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оның 5-уі ауылдық, 5-уі қалалық білім беру ұйымдары. Ауқымды жобаға мемлекет қазынасынан 5,6 миллиард теңге бағытталды. Сонымен қатар облыстағы 106 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, өңірде білім беру инфрақұрылымын заман талабына сай жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып, оқушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасы қалыптастырылуда.
РКС: Көкшетау қаласының 60 жылдан астам тарихы бар 16-шы мектеп бой көтергелі алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде. Уақыт сынынан өткен ғимарат бүгінде қайта жаңғырып, заман талабына сай жаңа келбетке ие болуда. Құрылыс алаңында 100-ге жуық маман еңбек етіп, жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Жаңа оқу жылында 1200-ге жуық оқушы жаңартылған, қауіпсіз әрі жайлы мектеп табалдырығын аттайды деген жоспар бар.
СНХ: АСҚАР ТЕМІРЖАНОВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ БАСШЫСЫ: Жұмыстар мамырдың 18-і басталды. Бүгін жалпы жұмыстың 70%-ы орындалды. Атап айтқанда, мектептің кіреберісі мен шатырды жөндеу, ішкі әрлеу, кафель төсеу, инженерлік желілерді орнату жұмыстары. Қазір сырлап-әктеу жұмыстары, яғни қабырғаларды дайындау және сырлау жұмыстары атқарылуда. Тамыз айында есіктерді орнату, линолеум төсеу сияқты әрлеудің соңғы кезеңіндегі жұмыстар қалды. Нысандағы барлық терезе толық ауыстырылды.
РКС: 3 қабатты мектеп ғимаратында 33 оқу кабинеті, 1 спортзал және мектеп ауласында орналасқан шеберхана бар. 2 ауысымда 52 сыныпта оқушылар білім алуда. Ғимарат заманауи талаптарға сай жаңартылып қана қоймай, жаңа құрал-жабдықтармен және жиһаздармен толықтырылады.
СНХ: НҰРЛАН МҰҚАЖАНОВ, №16 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: Осы жобаға 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Тамыз айының ортасында жаңа жиһаздарды әкеле бастаймыз. Сонымен қатар жаңа үлгідегі кабинеттер де іске қосылады. Солардың ішінде инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті, химия, биология және физика кабинеттері. 1-ші қыркүйекте оқушылар жаңа, жайлы әрі заманауи мектепте оқу жылын бастайтынына сеніміміз зор.
РКС: Сонымен қатар, өңірде білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып, оқушылар үшін қолайлы әрі заманауи білім беру кеңістігі қалыптастырылуда.
СНХ: НҰРЖАН ҚАБДУЛИНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қосшы қаласында «Кілті тапсыру» тетігі арқылы 1500 орындық мектеп құрылысы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың тамыз айына жоспарланған. Сондай-ақ, Чайкино поселкесінде 120 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Бүгінгі таңда конкурс рәсімдері аяқталып, жұмыстар жүргізілуде.
РКС: Облыста мектепке дейінгі білім беру саласын дамыту жұмыстары да басты назарда. Биыл өңірде 840 орынға арналған 3 балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның 1-уі тамыз айында, ал қалған 2-уі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жас ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасап, білім беру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар әлі де өз жалғасын таппақ.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ