ДИКТОР: Тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржолшылардың төл мерекесі. Айтулы күн қарсаңында сала ардагерлері мен теміржол қызметкерлерінің басын қосқан салтанатты шара өтті. Дәстүрге сай биыл да өз ісіне адалдық танытып, қажырлы еңбегімен ерекшеленген 40-қа жуық теміржолшы марапат төрінен көрінді. Салтанатты шараның барысын тілшіміз Динара Нұрмұханова баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жиын барысында теміржол саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар маманның еңбегі лайықты бағаланды. Көп жылғы қызметі үшін оларға «III дәрежелі Теміржол даңқы» төсбелгісі, «Адал еңбегі үшін», «Кәсібі бойынша үздік», «Үздік жол шебері», «Үздік жүк тасымалдаушы» сынды салалық марапаттар, сондай-ақ Құрмет грамоталары табысталды. Марапат иелерінің дені – еңбек кітапшасында бір ғана жазуы барлар. Солардың бірі – Мәди Сыдықов. Теміржол саласында табан аудармастан 26 жыл еңбек етіп келеді. Ширек ғасыр төңірегінде тәжірибе жинақтаған маман жүріп өткен жолын ерекше ықыласпен еске алды.
СНХ: МӘДИ СЫДЫҚОВ, «АДАЛ ЕҢБЕГІ ҮШІН» ТӨС БЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ: Менің ата-бабаларым, әкем, ешкім теміржолшы болмаған. Нағашыларым теміржолшы болған. Айнабұлақта жұмысты бастаған соң, теміржол өзіме ұнады: стабильность, опыт. Өзім осы күнге дейін благодарю тех людей деймін ғой, небір генералдармен жұмыс істедім. Солардың ақылын тыңдап, нұсқауларымен жұмыс істеп, осы дәрежеге жеттік. Басшылар елеп, бүгін награда беріп жатыр, «Адал еңбегі үшін». Рахмет, өте қуаныштымын.
РКС: Теміржолдағы еңбек жолы бір әулеттің шежіресіне айналған мысалдар да аз емес. Ақмола облысында атадан балаға жалғасқан кәсіби сабақтастық саланың дамуына серпін беріп отыр. Мұндай дәстүрдің жалғасуына мамандарға жасалған қолдау мен еңбек адамына деген құрметтің де ықпалы зор.
СНХ: АРҒЫН АУАЗОВ, АҚМОЛА ТЕМІРЖОЛ БӨЛІМШЕСІ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Теміржол саласы көркейіп келе жатыр. Көріп жатырсыздар, 3–4 жыл болды, бұрынғы жұмыста істегенде көп мекемелердің объектілерін ремонттадық. Жылына 1 млрд теңгедей ақша бөлінді. Көбі істелді, қазір жалғасып жатыр. Теміржол саласының қолдау қоры жақсы. Пенсионерлер бөлінген ақшадан алып жатыр. Демалысқа жібереді екі жылда бір рет. Жол ақысын төлейді теміржолшылардың, пенсионерлердің. Теміржолдың қолдау қоры ең оңды деп есептейміз. Зарплатаны жақсы алып жатыр қазір теміржолшылар, бәрі ойлағыдай, бәрі жақсы.
РКС: Ақмола облысының көлік жүйесінде теміржол саласы стратегиялық маңызға ие. Өңір аумағында ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын теміржол желісі орналасқан. Осы бағыттар арқылы жыл сайын ондаған мың жүк және жолаушылар пойызы қатынап, аймақтың экономикалық тұрақтылығы мен логистикалық әлеуетін арттыруға үлес қосып келеді. Пойыздардың қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Соңғы бес жылда облыс аумағындағы 200 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтті. Саладағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен теміржолшылардың ерен еңбегі кәсіби мереке қарсаңында өткен салтанатты жиында ерекше атап өтілді.
СНХ: ЕЛДОС РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмалары аясында Ақмола облысында теміржол вокзалдарын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Республика бойынша жаңғыртылатын 124 вокзалдың 16-сы біздің өңірде орналасқан. Кейбір нысандарда күрделі жөндеу жүргізілсе, кейбірінде толықтай қайта салу жұмыстары қолға алынған. Себебі олардың басым бөлігі өткен ғасырдың 40-50 жылдары салынған. Бүгінде 16 вокзалдың жартысына жуығы пайдалануға берілді. Жоспар бойынша қазан айының соңына дейін облыстағы барлық 16 вокзал толық пайдалануға беріледі. Бұл жобалардың жүзеге асуы жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар көлік қызметтерінің қолжетімділігін жақсартып, өңірлердің дамуына, ішкі туризмнің өркендеуіне және Ақмола облысының көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
РКС: Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласты.
ИНТЕРШУМ:
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ