ДИКТОР: Көкшетауда «Адалдық – табыстылардың таңдауы» атты жастар форумы өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған шараға шаһардағы колледждерден келген 100-ге жуық студент қатысты. Жастардың құқықтық санасын арттыруға бағытталған кездесудің барысы туралы тілшіміз баяндайды.

РКС: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жастардың бойына адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын сіңіруден басталады. Осы мақсаттағы түсіндіру жұмыстары өңірде тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бүгінде облыс мектептерінде «Адал ұрпақ», ал колледждер мен жоғары оқу орындарында «Саналы ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. Бұл ұйымдар жастар арасында адамгершілік құндылықтарын насихаттап, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған. Бүгінгі өткен кездесу де жастарға жақын форматта, TEDx үлгісіндегі ашық диалог түрінде ұйымдастырылды.

СНХ: РАЙХАН БРАТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің мақсатымыз жастар арасында, жалпы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Оларға түсіндіру, қандай да болсын құқық бұзушылыққа нольдік төзімділік, осыны түсіндіру. Әділетті Қазақстан құру үшін не қажет? Адалдық жоқ жерде әділеттілік болмайды. Адалдық дегеніміз не, академиялық адалдық дегеніміз не? Оқу процесінде, әсіресе емтихан беру кезінде студент пен оқытушының арасындағы қарым-қатынас, параның болмауы, тұрмыстық пара берудің болмауы. Біздің мақсатымыз сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресу ғана емес, оның себептерін анықтап, алдын алу.

СНХ: АЙЫМ АЛТАЙ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: Қазіргі таңда басты мәселелердің бірі болғандықтан, басты аудитория студенттер болғандықтан, студенттердің тілінде жемқорлық деген не, ол үшін қандай жауапкершілік көзделген, не себепті оған жүгінуге болмайтындығы туралы сөз көтердік. 

РКС: Мамандар жастармен жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, адал ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған жобалар кеңейтілетінін жеткізді. Студенттер болса ашық форматтағы пікір алмасу құқықтық мәдениетті терең түсінуге ыңғайлы екенін айтады.

СНХ: ДИЛЯРА ӨТЕЛБАЙ, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Бұл жерде жемқорлық, адалдық туралы айтылды. Менің ойымша көптеген адамға, барша келіп отырған қауымға қызықты болды деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға көп алғыс айтамын. Өзімді мазалап жүрген сұрақтарға жауап алдым.

РКС: Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі құқық бұзушылық деңгейі 29 процент төмендеген. Бұл – соңғы жарты жыл ішіндегі көрсеткіш. Осы аралықта 120-дан астам шара ұйымдастырылды. Аталған жұмыстар студент жастарды ғана емес, қоғамның барлық санатын қамтиды. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ