ДИКТОР: Степногорск өңірі жылдың алғашқы төрт айын айтарлықтай экономикалық өсіммен қорытындылады. Өнеркәсіп өндірісі рекордтық көрсеткішке жетіп, құрылыс қарқыны бірнеше есе артқан. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Өңірдің даму көрсеткіштері туралы тілші баяндайды.
РКС: Степногорск облыстың негізгі өнеркәсіп орталығы ретіндегі орнын нығайтып келеді. Төрт айда өндірілген өнім көлемі 242 миллиард теңгеге жеткен. Әсіресе өңдеу өнеркәсібіндегі өсім жоғары. Алтын өндіруші кәсіпорындар өндіріс көлемін едәуір арттырып, саланың тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді.
СНХ: ГАЙДАР ҚАСЕНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сыртқы нарықтар мен тапсырыстардың өзгеруіне байланысты жекелеген кәсіпорындарда объективті қиындықтардың болуына қарамастан, қала өнеркәсібі тұрақтылығын сақтап отыр. Алтын өндіру саласындағы кәсіпорындардың жекелеген өндірушілердің көлемінің төмендеуін белсенді түрде өтеп отыр. Атап айтқанда, «Казахалтын Technology» алтын өндіру көлемін шамамен бір жарым есеге, ал «QARABULAQ GOLD» екі еседен астам арттырды.
РКС: Экономикалық серпін құрылыс саласында да байқалады. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 15 миллиард теңгеден асып, былтырғы жылмен салыстырғанда 10 есе артқан. Сонымен қатар қалада индустриялық аймақ құру жобасы қолға алынып, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптасуда.
СНХ: ГАЙДАР ҚАСЕНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Маңызды шешімдердің бірі - «Stepnogorsk Industrial Park» индустриялық аймағын құру болды. Бұл жаңа өндірістерді тартуға, жұмыс орындарын ашуға және қала экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік беретін стратегиялық жоба. Индустриялық аймақтың жалпы аумағы 155 гектар. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, бұл Степногорск қаласының инвестициялық дамуының жаңа кезеңін бастайды
РКС: Жыл соңына дейін аталған өңірде 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Орташа жалақы өсіп, білім беру, денсаулық сақтау және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жүзеге асып жатқан жобалар шаһардың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болмақ.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ