ДИКТОР: Мемлекеттік қызметшілердің тәртібі, іссапар шығындары және мүмкіндігі шектеулі қызметкерлердің еңбек құқықтары. Көкшетауда әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жүргізілген талдаулар бойынша бірқатар заң бұзушылық анықталды. Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС: Көкшетауда мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Былтырдан бері мемлекеттік қызметке орналасу, тәртіптік жауапкершілік және қызметтік шектеулерге қатысты 39 азаматқа кеңес берілген. Дегенмен ең өзекті мәселенің бірі мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуы. Прокуратура ұсынған мәліметтер негізінде бірнеше қызметкердің бәс тіккені анықталған.
СНХ: ОЛЬГА КОРСАК, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ: Биыл мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына байланысты көптеген арыз-шағымдар мен ақпарат келіп түсті. Көкшетау қалалық прокуратурасының ұсынысы негізінде жекелеген мемлекеттік қызметшілердің бәс тіккені анықталды. Осыған байланысты екі мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылды, ал бір қызметкерге қатысты мәселе тәртіптік комиссияда қаралып жатыр.
РКС: Тәртіп пен этика талаптары ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқықтарының сақталуы да бақылауда. Департамент жүргізген талдау барысында іссапар шығындарын өтеуде ондаған заң бұзушылық анықталған. Кейбір қызметкерлерге заңда белгіленген мөлшерден артық қаражат төленсе, енді біріне тиесілі қаражат толық берілмеген.
СНХ: ӘНУАР ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: 74 рет мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындары белгіленген мөлшерден артық төленген. Оның сомасы 1 миллион теңгеден асады. Қазір бұл қаражаттың 700 мың теңгеден астамы қайтарылды. Ал 91 жағдайда қызметкерлерге жол ақысы толық көлемде төленбеген. Бұл берешек қаржы 1,5 миллион теңгеден асып отыр.
РКС: Сондай-ақ отырыста мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуы да көтерілді. Заң талаптарына сәйкес, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкерлерге негізгі еңбек демалысына қоса кемінде алты күндік қосымша ақылы демалыс берілуі тиіс. Бірақ бұл талаптар бірқатар мемлекеттік органда толық орындалмай отыр. Тіпті кейбір қызметкерлерге тиесілі қосымша демалыс жылдар бойы берілмеген. Мамандар мұндай жағдайлар алдағы уақытта қаржылық тәуекелдерге де әкелуі мүмкін екенін айтады. Анықталған барлық факті бойынша мемлекеттік органдарға заң бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар жолданады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ