ДИКТОР: Бүгін көктемгі дала жұмыстарының аяқталуы және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі Үкімет отырысы бейнеконференция форматында өтті. Жиында өңірлердегі егіс науқанының қорытындылары мен ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.

РКС: Ақмола облысындағы егістік алқаптың аумағы биыл 5,6 миллион гектар. Оның 5,4 миллион гектары жаздық дақылдарға тиесілі. Өңірде егісті әртараптандыру жұмыстары жалғасып, майлы дақылдардың көлемі ұлғайтылды. Үкімет отырысында облыс әкімі Марат Ахметжанов көктемгі дала жұмыстарының нәтижелері мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы жоспарлар туралы баяндады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Соңғы үш жылда облыста 6 ірі сүт-тауарлы ферма іске қосылды, ол сүт өндірісін 16%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Тамақ өнімдері өндірісі 18%-ға артып, 112 миллиард теңгені құрады. Жыл басынан бері салаға 27 миллиард теңгеден астам инвестициялар тартылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ол 2 есе артық. Өңірде біздің агроөнеркәсіптің қуатты драйверіне айналатын ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі «Азия Алтын Дән» жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдеудің толық циклымен және жоғары қосымша құнды өнім өндіретін кәсіпорыны болып табылады. Оның инвестициялық құны 900 миллиард теңге.

РКС: Биыл «ДИХАН ПЛЮС» серіктестігі көктемгі дала жұмыстарын ерте бастады. Мамандардың айтуынша, топырақтың ерте жылынуы егіс науқанын жоспарланған мерзімнен бұрын қолға алуға мүмкіндік берді. Шаруашылық алдымен бұршақ тұқымдас және майлы дақылдарды сеуіп, кейін жаздық егіске кіріскен. Нәтижесінде барлық көктемгі егіс жұмысы қысқа мерзімде аяқталды.

СНХ: ДЕНИС ШВАЙБОВИЧ, «ДИХАН ПЛЮС» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: «Кең Дала 2» бағдарламасы өте жедел әрі көмек көрсетті. Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаржыны толық көлемде алдық. Соның арқасында тұқым, өсімдікті қорғау құралдары, жанар-жағармай материалдары сияқты барлық қажетті тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, жеңілдетілген бағамен берілетін отынмен қамтамасыз етілдік. Биыл отынды жеткізу бойынша ешқандай мәселе туындамағаны өте қуантты. Сондықтан, көктемгі егіс науқанын еш кедергісіз, қарқынды түрде аяқтадық.

РКС: Көктемгі дала жұмыстарын табысты аяқтауға мемлекеттік қолдау шаралары оң әсерін тигізді. Биыл егіс науқанын қаржыландыру үшін шаруаларға 235 миллиард теңге көлемінде субсидия мен жеңілдетілген несие берілген. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінде жаңа инвестициялық жобалар іске асырылып, өндіріс қуатын арттыру көзделуде.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ