ДИКТОР: Білім беру саласының майталманы, Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі болған ғалым-педагог Қажахмет Балахметовтың туғанына биыл 100 жыл. Атаулы датаға орай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиында қайраткердің өмір жолы мен ел ағарту ісіне сіңірген еңбегі насихатталды.
РКС: Ұлт болашағы - білімді ұрпақ тәрбиелеуде. Қажахмет Балахметов бар ғұмырын ағарту ісіне арнаған. Ол 13 жылдан астам Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі қызметін атқарып, ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жас ұрпақтың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлген қайраткердің бастамалары елдегі ағарту саласының өркендеуіне серпін берді. Оның қаламынан білім беру мәселелеріне арналған 70-тен астам ғылыми және публицистикалық еңбек жарық көрген.
СНХ: ШИЯП ӘЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Қожекеңді біз енді ұстазымыз, жақсы білеміз. Ол кісі өте беделді болды, өте жұмысты жақсы істеді, сыйлы болды. Артында мен партия органдарында істеп жүргенде, семинарға барып жүргенде министрліктен келіп, біздің алдымызда лекция оқитын. Соның ішінде ең күшті, ең әдемі, ең мықты лекциясы сол кісінікі болатын. Өте білімді болды. Ол кісі қаншама жастар тәрбиеледі, бізді тәрбиеледі. Сондықтан ол кісі біздің есімізде, біз ол кісіні ұмытпаймыз.
РКС: Шараға қайраткердің бауырлары мен балалары да арнайы шақырылды. Көпшілік Қажахмет Балахметовты негізінен ғалым әрі мемлекет қайраткері ретінде таныса, жақындары оның адами болмысының тағы бір қырын атап өтті. Ол қарбалас жұмысқа қарамастан отбасы тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, отбасында да сыйлы әке, қамқор жан болғанын айтады.
СНХ: БОЛАТ БАЛАХМЕТОВ, ҚОЖАХМЕТ БАЛАХМЕТОВТЫҢ ҰЛЫ: Әкемді көзі көрген адамдардың барлығы оның атқарған ісі, жұмысы және өзіндік жұмыс тәсілдері арқылы таниды. Ал үйдегі өміріне келсек әкем әрдайым үйге біршама кеш келетін. Біз әрдайым оның келуін күтіп, бірге кешкі ас ішетінбіз. Әкем бізге бір жарым сағаттай уақытын бөлетін де, содан кейін ертеңгі жұмысына дайындалуға кірісетін.Оның бүкіл өмірі, әрине, тоқтаусыз еңбек пен үлкен қажыр-қайраттан тұрды. Меніңше, ол кісі көптеген адамдарға бағыт-бағдар беріп, көп нәрсені үйретті, сондықтан ол туралы бөлісетін естеліктер өте көп.
РКС: Қажахмет Балахметов өмір бойы білім мен ізденісті серік еткен,-дейді бауырлары. Ол кітап оқуды өмірлік дағдыға айналдырып, әрдайым білімін толықтырып отырған.
СНХ: ҚАРТАЙ ХАИРОВ, ҚАЖАХМЕТ БАЛАХМЕТОВТЫҢ ІНІСІ: Отбасында үлкен ағамыз болғасын бізге үлгі болып жүрді. Сол бір үлгісі Ол жәй бір жерде отыра берген жоқ. Қанша міне менің есімде, біресе кітап жазды. Жатып, былай газет оқу деген жоқ, бірдеңені ылғи жазып отыратын. Жазып отырғанда біресе жандарында кітаптары болатын. Сондай тарихи-ғылыми газеттер, журналдар, кітаптар, соның барлығы жанында отырып соның бәрі қарап отыратын. Тарихты да білім жағынан да бәрін білетін.
СНХ: БЕКАРЫС НАЗАРБАЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ Бұл шарада бізде өте көптеген мәліметтер айтылды. Қажахмет Балахметов жайлы бізде көптеген мағлұматтар білдік. Ол кісінің көзін көргендерден біз көп ақпарат алдық. Қажахмет Балахметов Қазақ КСР-нің бұрыңғы білім министрлігін басқарғандықтан, ол бізде ұлы тұлға. Осындай ұлы тұлғалардың еңбегін біз елеп-ескеріп, одан да көбірек конференциялар өткізілгенін қалаймыз.
РКС: Қажахмет Балахметовтың өмір жолы мен еңбегі бүгінгі буын үшін маңызды өнеге. Мұндай тағылымды кездесулер тарихи тұлғалардың мұрасын насихаттап, жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді,-дейді ұйымдастырушылар.
ИНДИРА СҰЛТАНОВА, СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ