ДИКТОР: Бүгін - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні және экологтардың кәсіби мерекесі. Осы күні өңірдің экологиялық мәселелері мен оны шешуге бағытталған бастамаларға назар аудару аса маңызды. Қазір өңірде жылына 150 мың тонна қалдық өңдеуге қауқарлы ірі кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Егер жоба толық іске қосылса, тұрмыстық қалдықтардың 80 проценттен астамы қайта өңделіп, полигондарға жіберілмейді. Сонымен қатар қоқыс бөлек жиналып, электрлі қоқыс тасымалдағыштар арқылы шығарылмақ. Бұл - Қазақстандағы алғашқы пилоттық жоба.

РКС: Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жобаның қуаттылығы жылына 150 мың тоннаға дейін жетеді. Мұнда қоқыс алдымен сұрыпталып, пластик, қағаз, металл және шыны сияқты пайдалы қалдықтар қайта өңдеуге жіберіледі. Ал қауіпті қалдықтар арнайы кәсіпорындарда залалсыздандырылады.

СНХ: БАТЫРЖАН ӘБІЛПЕЙІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ақпан айында облыс әкімдігі мен «Эко DUMP» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында үш қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салу жөнінде келісім-шарт жасалды. Аталған нысандар Көкшетауда, сондай-ақ Зеренді мен Бурабай аудандарында орналасады. Қазір біз Красный Яр ауылының маңындағы құрылыс алаңдарының біріндеміз. Мұнда құрылыс жұмыстары басталып, бетон конструкцияларын орнату аяқталды. Жұмыстар жалғасуда. Жоба екі жылға жоспарланған.

РКС: Жобаның ерекшелігі қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды да кәдеге жарату. Полиэтилен пакеттер, жөргектер, тағам қалдықтары және басқа да сұрыптауға келмейтін қоқыс арнайы климаттық камераларда өңделеді. 42 күн ішінде жоғары температурада биологиялық өңдеуден өткен қалдықтардан биокомпост, техникалық топырақ және RDF отыны алынады. Бұл өнім цемент зауыттарында баламалы отын ретінде қолданылуы мүмкін.

СНХ: МӘРИЯМ ӘБІШЕВА, «ЭКО-DUMP» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: RDF отыны бұл кептірілген, ылғалы алынған және жоғары жылу шығару қабілетіне ие отындық фракция. Әлемдік тәжірибеде ол негізінен цемент зауыттарында пайдаланылады. Себебі цемент өндірісіндегі пештердің технологиялық температурасы 1200 градус Цельсийден жоғары болады. Қазір цемент зауыттарының бастамасымен қатты тұрмыстық қалдықтардан алынатын RDF отынын отын ретінде қолдану жөніндегі ұлттық стандарт әзірленуде. Жыл соңына дейін аталған стандарт қабылданып, күшіне енеді. Соның нәтижесінде біз бұл өнімді RDF отыны ретінде өткізіп, кәдеге жарата аламыз. Бұл өнім техникалық топырақ ретінде де қолданылады. Ол құрылыс жұмыстарында, ескі полигондарды рекультивациялау кезінде және басқа да мақсаттарда пайдалы фракция әрі инертті материал ретінде пайдаланылады. Мұндай қайта өңделетін қалдықтардың көлемі 80 проценттен асады.

РКС: Жобаның құны 7 миллиард 200 миллион теңге. Кешен іске қосылған соң 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар Бурабай курортты аймағында қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізуге бағытталған Қазақстандағы алғашқы пилоттық жоба жүзеге аспақ. Мамандар бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастырып, туристік аймақтың тазалығын сақтауға мүмкіндік береді деп отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ