ДИКТОР: Ақмола облысында балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру жұмыстары жіті бақылауда. Қазір аймақтағы балаларды жазғы сауықтырумен айналысатын 18 ұйымның 4-і толық тексерістен өтіп, қабылдауға әзір. Мамандардың айтуынша әр лагерь қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін дәлелдейтін зертханалық зерттеулерден өтіп, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы тиіс.
РКС: Балалардың жазғы демалысы алаңсыз әрі қауіпсіз өтуі үшін лагерьлер толық тексерістен өтуі шарт. Ең алдымен демалыс орындары электронды түрде elicense.kz (э-ла́йсенз.кз) порталы арқылы өтініш береді. Онда нысанның қауіпсіздігін айғақтайтын зертханалық зерттеу нәтижелері ұсынылады. Ауыз судың сапасын, су айдындарының тазалығын, топырақ пен құмның құрамын, сондай-ақ жарықпен қамтылуын және ғимарат ішіндегі микроклимат көрсеткіштерін мұқият сараптайды. Құжаттарды қарау мерзімі шамамен 2 апта. Осы уақыт аралығында лагерьдің балаларды қабылдауға қаншалықты дайын екені жан-жақты бағаланады.
СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өтініш келіп түскеннен кейін мамандар екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығы мен сәйкестігін тексереді. Егер құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, алғашқы екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге дәлелді бас тарту туралы хабарлама жолданады. Онда талаптарға сәйкес келмейтін құжаттар мен анықталған кемшіліктер нақты көрсетіледі. Осыдан кейін өтініш беруші анықталған кемшіліктерді түзетіп, талаптарға сәйкестендірілген құжаттарын қайта тапсырып, өтініш беруге құқылы.
РКС: Мамандардың айтуынша, өтінішті жолдамас бұрын жазғы демалыс ұйымдары санитариялық талаптарға сай келетін бірқатар дайындық шараларын жүзеге асыруы тиіс.
СНХ: СӘУЛЕ СӘДУАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өтініш берер алдында бірқатар іс-шаралар жүргізілуі тиіс, атап айтқанда: желдету қондырғылары мен желдету шахталарын өңдеу және дезинфекциялау, аумақты тазалау, жергілікті немесе дербес ұңғыма болған жағдайда міндетті дезинфекция жүргізу, дезинфекциялық-профилактикалық іс-шараларды орындау, кәріз жүйесінің жабдықтарын тазалау, сондай-ақ аумақты арамшөптерден тазарту. Сонымен қатар іргелес аумақты дезинфекциялау да жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жұмыстарды олар өздері тікелей орындамайды, тиісті қызмет түрімен айналысатын мамандандырылған ұйымдармен келісім-шарт жасасады. Мұндай ұйымның міндетті түрде лицензиясы болуы тиіс. Яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу лицензияланатын қызмет түріне жатады.
РКС: Бүгінде санитариялық талаптарды сақтауға қатысты жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Барлық талаптарды орындаған және тексерістерден өткен Зеренді ауданындағы «Парус», Ерейментау ауданындағы «Жұлдыз», Ақкөл ауданындағы «Scout Tour» шатырлы лагері және Бурабай ауданындағы «Горизонт» балаларды сауықтыру орталығы бүлдіршіндерді қабылдауға дайын.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ