ДИКТОР: Көкшетауда «Жас құтқарушы – 2026» республикалық байқауының облыстық кезеңі басталды. Өңірдің барлық ауданынан келген 50-ге жуық қатысушы бір алаңда бас қосты. Байқауға өз өңіріндегі іріктеу кезеңдерінде үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанған жас құтқарушылар қатысуда.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Алаңда ортақ мақсат біріктірген ондаған жас құтқарушы шеберліктерін сынға салды. Әр тапсырма жоғары дәлдік пен шапшаңдықты талап етеді. Байқау бағдарламасы алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, төтенше жағдай кезінде дұрыс бағыт табу, зардап шеккендерді эвакуациялау және құтқару жұмыстарын орындау сияқты маңызды кезеңдерді қамтиды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сынақтар балалардың физикалық дайындығын ғана емес, жылдам шешім қабылдау дағдыларын, сабырлылығын және командалық қабілетін айқындауға мүмкіндік береді.
СНХ: АСЛАН НҰРҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Көкшетау, Атбасар, Қосшы қалаларының, Бурабай мен Біржан сал аудандарының командалары үздіктер қатарынан көрінгендер. Олар жарыс барысында адамдарды құтқару, жауынгерлік жаттығулар, зардап шеккендерді іздеу және алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша өзара бақтарын сынауда. Жеңімпаз атанған команда республикалық «Жас құтқарушы» жарысына қатысып, Ақмола өңірінің намысын қорғайды. Республикалық кезең де Көкшетау қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Ол маусымның 29-ы мен шілденің 3-і аралығында ұйымдастырылады.
РКС: Сайысқа қатысатын құраманың бірі – Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің өрт сөндіру мамандығында оқитын студенттерден жасақталған. Олар өз мамандығының халыққа қызмет көрсету, құтқару ісімен тікелей байланысты екенін атап өтіп, мұндай сайыстарға қатысуды кәсіби міндеті деп санайды. Биыл олар алғаш рет бақтарын сынады.
СНХ: ӘДІЛ ТӨЛЕГЕНОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (КӨКШЕТАУ): Біз бүгін төтенше жағдайлар кезінде орындалатын алғашқы көмек көрсеттік. Командамыз 26 адамнан құралған. Бұл жарысқа өзара тәжірибе алмасып, кімнің дайындығы жоғары екенін көру үшін қатысып отырмыз. Әркім өз мүмкіндігін, шеберлігін әр қырынан танытуға тырысады. Сонымен қатар, әр өңірдің дайындығы мен деңгейін салыстыруға да мүмкіндік бар. Бұл жарыс жастар үшін де, біз үшін де өте пайдалы деп есептейміз.
РКС: Жарысқа бірнеше жыл қатарынан қатысып, біраз тәжірибе жинақтағандар да болды. Ол – Қосшы қаласының «Серпін» құрамы.
СНХ: МЕРЕЙ АҚБЕРГЕНОВА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (ҚОСШЫ): Командамызда 8 оқушы бар. Осы жарысқа біз 3 мәрте қатысудамыз. Екі жыл бұрын біз 2 балл жетпей, 3 орын алып қалдық. Одан кейінгі жылы тура осы облысқа келіп, 3 орын алдық. Осы жылы ала алмаған орынымызды, бас жүлдені алып кетуге сенімді болып келіп отырмыз. Барлық командаларға сәттілік, өзімізге жеңіс тілейміз. Біз барлық жағынан ашылуға тырысамыз, ең басында күймен ашамыз, одан соң биіміз бар, өзімізді таныстыруымыз бар, төтенше жағдай кезінде адамдарды құтқару+скл+дәрігерлердің ерен еңбегін көрсететін боламыз.
РКС: Екі күнге созылған байқауда оза шапқан үздіктер анықталды. Бас жүлдені Көкшетау қаласының құрамасы еншілесе, Қосшы қаласының командасы күміс жүлдегер атанды. Атбасар ауданының жас құтқарушылары үшінші орыннан көрінді. Жүлдегерлердің барлығына бағалы сыйлық ретінде теледидар табысталды. Жеңімпаз атанған Көкшетау құрамасы республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ