ДИКТОР: Халықтың рухын көтеріп, намысын қайрайтын патриоттық әндер қатарында «Көк тудың желбірегені» әні де бар. Әр сөзінде үлкен мағына, адамға ой саларлық терең сезім жатыр. Көкшетауға осы әннің сөзін жазған ақын, «Асыл сөз» республикалық әдебиет сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Алмас Ахметбекұлы арнайы келіп, оқырмандармен кездесу өткізді. Бұл игі іс ел Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында және Рәміздер күні қарсаңында ұйымдастырылды.
РКС: Алмас Ахметбекұлы Қытай Халық Республикасына қарасты Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1993 жылы тарихи Отанына оралды. Өткен ғасырдың 80-жылдарында поэзия әлеміне араласқан, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар дара әрі талантты ақын. Ойлы образға, шынайы сезімге толы сыршыл өлеңдерінің арқасында оның есімі Шыңжаң қазақтарына кеңінен танымал болды. Бұған дейін еліміздің Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында бірнеше кездесулерге қатысты. Көкшетауда болған кездесулер екі тақырыппен жүрді. Белсенді ұзақ өмір орталығында өткен кездесуге аймақтың зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, кітапханалардың басшылары мен қызметкерлері қатысты. Онда қатысушылар кітап оқу мәдениетін дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау және әдебиеттің қазіргі қоғамдағы ролі туралы пікір алмасты. «Кітап ұстаған адам» деген бөлімінде жас ұрпақты кітапқа қызықтыру жайлы ойлар ортаға тасталды.
СНХ: АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ, АҚЫН: Екінші кездесу «Көк тудың желбірегені» деп аталады. Ол рәміздер күніне арналған. Мен жазған ән Мемлекеттік рәміздерді насихаттайтын ән. Рәміздер деген Көк ту, Герб, Гимн. Ту деген ол ұлттың еңсесі, қазақта еңсеңді көтер, бойыңды тік ұста, Туыңды көтер, Туыңды тік ұста дейді. Ту лапылдап қозғалғанда ұлттың дидары, Ал Герб деген ұлттың парасаты, тарихы. Біздің герб дәл соны айғақтайды. Ал, Гимн ол ұлттың дауысы. Менің елім, менің жерім деген Қазақстанда туған жер менің Қазақстаным деген ұлттың дауысы.
РКС: Шара соңында белсенді ұзақ өмір орталығының директоры, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Бақыт Смағұл ақынға жазушы және драматург Төлеген Қажыбайдың 7 томдық толық шығармалар жинағы мен өз шығармашылығынан сыр шертетін кітапты сыйға тартты. Одан соң іле «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен кездесуде ақын жастарға Отанды сүю, туған жерге тағзым етудің түп негізі ертеден бастау алатынын және қазақ қанша ғасыр бұрын оқу мен тоқудың мәнін ұғынғанын, ұрпағының сауатты болуына баса назар аударып келгенін айтты.
СНХ АЛМАС АХМЕТБЕКҰЛЫ, АҚЫН: Қазақ кітапты ең ерте оқыған халық осы түркі халықтарының ішінде. Абай Драпперді оқыған 19-шы ғасырда. Сол заманнан бастап біз кітапқа жақынбыз. Балаларды оқытуға ең көп мән беретін халықпыз.
РКС: Кездесуге келген жастар ақынның әр сөзін мұқият тыңдап, салмақты ойын саралап отырды. Оқу-білімнің инемен құдық қазғандай болатынын біліп, түсініп қалған кейінгі толқын өз ойын ортаға салды.
СНХ: МЕДИНА ЖОЛДАСОВА, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Кітап ол алтын қазына. Кітаптан алтындай білімдерімізді аламыз. Сол білімдерімізді бойымызға құйып,болашақ мамандығымызды таңдаймыз. Сол кітап арқылы мысалы мен медицинаны таңдадым. Бұрынғы тарихта қандай ем қолданған, соны танып, қарап, оқуға түстім. Сондықтан жастардың барлығын кітап оқуға шақырамын
СНХ: ДӘРИЯ ОРАЛБЕК, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Өз еліме деген құрметімді әрқашан көрсетемін. Әр азаматқа өз еліне құрметпен қарауға тиіс деймін. Өз еліміздің дамуына үлесімізді қосуымыз керек деп ойлаймын. Әнұранымызды жатқа білеміз, әр дүйсенбі сайын өзіміздің оқу мекемемізде айтып отырамыз, құрметтейміз.
РКС: Ақынмен кездесуге келген этнобірлестік жетекшілері, кітапхана қызметкерлері, белсенді жастар ұйымдарының мүшелері «Көк тудың желбірегені» әнінің шығу тарихымен танысып, көпшілік ортада орындалып жүрген шығарманың мағынасына тағы да бір үңілді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ