ДИКТОР: Ақмола облысына жұмыс сапарымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай келді. Сапар аясында ол аймақтағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, олардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ вице-министр аймақ тұрғындарымен кездесіп, жеке сауалдарына жауап берді.
РКС: Кездесу барысында әлеуметтік саланың өзекті мәселелері қаралды. Бүгінде өңірде аутизм диагнозы қойылған мыңға жуық бала бар. Ал ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 13 мыңға жетеді. Соған қарамастан, аймақта мамандандырылған медициналық көмек пен инклюзивті білім беру саласындағы білікті мамандар әлі де жетіспейді. Бұған қоса, қолданыстағы орталықтарда орын тапшылығы әлі де өткір күйінде қалып отыр,- дейді Әлия Рақымбекова.
СНХ: ӘЛИЯ РАҚЫМБЕКОВА, «ЕРЕКШЕ ӨМІР» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Екінші мәселе - мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін зейнет жасын төмендету. Себебі бала 18 жасқа толғанның өзінде аутизмі бар балалардың басым бөлігі әлеуметтік ортаға толық бейімделе алмайды және өздігінен өмір сүруге қабілетті емес. Ал күтімге арналған жәрдемақы төленбегендіктен, ата-аналар жұмысқа шығуға мәжбүр. Сондықтан зейнет жасын төмендетіп, мұндай отбасыларға қолдау ретінде қоғамдық жатақханалар ашуды ұсынамыз. Онда балалар тұрмыстық дағдыларды үйреніп, болашақта өздігінен өмір сүріп, қоғамға бейімделіп кетеді деген үміттеміз.
РКС: Өз кезегінде вице-министр бұл бағыттағы жұмыс жүйелі жолға қойылғанын айтады. Бүгінде елімізде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті орталықтар ашылып, психологиялық-педагогикалық қолдау кабинеттері кеңейтілуде. Сонымен қатар инклюзивті спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді. Бұл жүйе азаматтарға оңалту құралдары мен қызметтерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Аймақта портал арқылы 6 мыңнан астам оңалту қызметі көрсетілген. Ал ерекше балалары бар ата-аналарға зейнет жасын төмендету мәселесіне келсек, қазіргі жинақтаушы зейнетақы жүйесінде бұл іс жүзінде мүмкін емес,-дейді министр.
СНХ: ВИКТОРИЯ ШЕГАЙ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Бүгінде қазақстандықтардың зейнетақы мөлшері негізінен олардың жинақтаған зейнетақы қорына тікелей байланысты. Яғни, егер жеткілікті зейнетақы жинағы болмаса, ертең ең төменгі базалық зейнетақы алуы қаупі бар. Ал бұл базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70 пайызы көлемінде ғана белгіленген. Бұған дейін зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе медициналық қызметтерге пайдалану тетігі енгізілген. Бұл шешім ең алдымен азаматтарға постпандемия кезеңінде қолдау көрсету мақсатында қарастырылған еді. Қазір жағдай тұрақталды.
РКС: Айта кетейік, елімізде зейнетақы жинағының жеткілікті шегі жаңартылды. Енді 20 жастағы азамат үшін шотта кемінде 6,7 млн теңге болуы тиіс. Мамандар бұл өзгеріс жүйенің тұрақтылығын арттырып, халықтың ұзақ мерзімді қаржылық қорғалуын күшейтеді деп отыр. Бүгінде аймақта 120 мыңнан астам зейнеткер бар. Орташа зейнетақы мөлшері - 197 мың теңге. Кездесу соңында вице-министр тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініш-тілектерін тыңдады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ