ДИКТОР: Былтыр облыста жаңа 10 спорт нысаны пайдалануға берілді. Жақын арада аймақтың Бестөбе мен Жақсы ауылдарында тағы екі спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, Степногорск қаласында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Бүгінде өңірде 1200-ге жуық спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың басым бөлігі ауылды жерлерде орналасқан.
РКС: Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде 350 мыңға жуық тұрғын белсенді өмір салтын ұстанады. Бұл - облыс халқының шамамен тең жартысына жуығы. Аталған салада жүзеге асырылып жатқан жобалар әрбір ақмолалықтың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасап, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға бағытталған.
СНХ: ҚУАНЫШ ҚАРАУЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына айрықша назар аударылып отыр. Мектептерде 71 мыңға жуық оқушы мен жасөспірім жүйелі түрде спортпен қамтылған. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында бұл көрсеткіш 11 мыңға жетсе, жоғары оқу орындарында 4 мың студент спортпен шұғылданады. Спорттық ұйымдарда 20 мыңнан астам бала тұрақты түрде жаттығуда.
РКС: Ммүкіндігі шектеулі азаматтар да назардан тыс қалған емес. Бұл санаттағы тұрғындардың спортпен жүйелі түрде айналысуына және түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуына барлық жағдай жасалып отыр.
СНХ: ҚУАНЫШ ҚАРАУЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мүгедектігі бар 2790 азамат денесін шынықтырумен айналысады. Өткен жылға қарағанда 256 адамға артық көрсеткіш. Көкшетауда «Мерген» спорт клубы жұмыс істейді. Аталған ұйым ерекше қажеттілігі бар жандардың бос уақытын тиімді әрі тегін ұйымдастыруына байланысты мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруда.
РКС: Өңір тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Олардың қатарында қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ, асық ату және дәстүрлі садақ ату сынды ұлттық ойындар бар. Алдағы жылдары облыста спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып, жаңа нысандар салу жоспарланыр отыр. Сондай-ақ ауылды жерлерде спорттың қолжетімділігін арттыру және салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар санын көбейтуге де ерекше басымдық берілмек.
ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ