ДИКТОР: Көкшетауда "Сүзгісіз: таңдаудың құны" атты есірткіге қарсы жастар форумы өтті. Шараға шаһардағы жоғары оқу орындарынан 400-ге жуық студент қатысты. Кездесудің басты мақсаты - жастар арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу және оларды нашақорлыққа қарсы қоғамдық бастамаларға тарту. Шара ашық диалог форматында өтіп, кездесуге шақырылған арнайы спикерлер өмірден алынған нақты оқиғалары мен түрлі жағдайларды талқылады. Бұл жастарға ой салып, саналы таңдау жасаудың маңызын түсінуге бастаған қадам болды. Форумды облстық полиция департаменті ұйымдастырды.

РКС: Форумның алғашқы минуттарынан-ақ студенттерді әдеттегі профилактикалық кездесу емес, ерекше форматтағы алаң күтіп тұрды. Шараға қоғам қайраткерлері, спортшылар мен волонтерлер шақырылды. Олар есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдірді. Ата-ана мен бала арасындағы байланыстың маңыздылығы ерекше аталып өтілді.

СНХ: МЕДИНА РАМАЗАНОВА, СТУДЕНТ: Бұл форум өте пайдалы болды. Көптеген ұстаздардан тәлім алдық және осы нашақорлық жолына түскен адамдардың ақыл-кеңестерін тыңдадық. Осы форумға қатысқанымыз үшін бізге керемет сыйлықтар берді.

РКС: "Қателіктің құны" атты бөлімде жастар модераторлармен бірге алғаш қарағанда зиянсыз көрінетін түрлі жағдайларды жан-жақты талқылады. Мәселен, көшеден табылған күмәнді түйіншек, бейтаныс адамның белгісіз зат салынған сәлемдемені жеткізіп беруді сұрауы секілді оқиғалар тілге тиек етілді. Ал, "Өмірді өзгертетін оқиғалар" бөлімінде студенттер есірткіге тәуелділікпен бетпе-бет келген адамдардың шынайы оқиғаларын тыңдады. Ашық әрі шынайы өткен бұл әңгімелер жастарға ерекше әсер қалдырды.

СНХ: АРТУР ВОРОНОВ, СТУДЕНТ: Маған бұл форум өте ұнады. Осындай форматтағы шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан өзімнің оң пікіріммен бөліскім келеді. Кездесу жоғары деңгейде өтті, әрі өте қызықты болды. Осындай форумдар мен жастарға арналған іс-шаралар алдағы уақытта жиі ұйымдастырылса екен деймін.

РКС: Жиын соңында шақырылған қонақтар есірткімен қоғам боп күресудің маңызын айтты. Қылмыстың алдын алу үшін ұсыныстар ортаға салынып, жауаптыларға тапсырмалар жүктелді.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ