ДИКТОР: Күні кеше жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері Мария Щипачева елге оралды. Чемпионды қарсы алу сәті жеңіл атлетикадан облыстық жазғы чемпионаттың басталуымен тұспа-тұс келді. Спортшыны әріптестері, бапкерлері мен жас атлеттер ерекше ықыласпен қарсы алды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Гонконгта 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен құрлық біріншілігінде жерлесіміз үш қарғып секіру сайысында 12 метр 70 сантиметр нәтижемен үшінші орынға ие болды. Бұл көрсеткіш спортшының жеке рекорды. Марияның жеңісі Қазақстан құрамасының чемпионаттағы алғашқы медалі. Жалпы Азия чемпионатында қазақстандық жас жеңіл атлеттер 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды.

СНХ: АЛМАГҮЛ ӘДІЛОВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ: Спортшылардың көбі жарыс кезінде өзін еркін ұстай алмайды. Команданың жартысы қатты қобалжыды. Мария да қатты уайымдайтын шығар деп ойладым. Бірақ оның жарысуға дайын екенін көрдік. Ешқандай қорқыныш болған жоқ, қолынан келгеннің бәрін жасап, соңына дейін бақ сынасты. Қарсыластары өте мықты болып көрінді. Кейін шәкірттеріммен түрлі жарыстарға барып жүргенде, олармен де тең дәрежеде бәсекелесуге болатынын түсіндім. Ең бастысы – қорықпау, өзіңе сену. Мария соны дәлелдеді. Кез келген қарсыласпен күресуге болатынын көрсетті.

РКС: Биылғы Азия чемпионаты жас спортшылар үшін маңызды халықаралық сын болды. Мария Щипачеваның жетістігі өңірдегі жеңіл атлетиканың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Спортшы алдағы уақытта да ірі жарыстарға қатысып, жеке нәтижесін жақсартуға ниетті.

СНХ: МАРИЯ ЩИПАЧЕВА, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: Жарысқа ең алдымен жеке нәтижемді жақсарту мақсатымен бардым. Әрине, медаль жеңіп алғым келді. Секторға шыққан кезде аздап қобалжу болды. Дегенмен өзімді өзгелерден кем санаған жоқпын. Мен де басқа спортшылар сияқты дайындалдым, ал қорқыныш барлық спортшыда болатын құбылыс. Қарсыластарымның барлығы өте мықты болды. Қытай, Үндістан және Таиланд спортшылары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Өзім одан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді деп ойлаймын. Алайда жарыс өткен жердің климаты мен ішкі психологиялық күйім нәтижеге әсер етті.

РКС: Марияның алдағы мақсаты ел чемпионаттарында жоғары нәтижеге қол жеткізіп, халықаралық ареналарда Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсету. Жас атлеттің жетістігі өңір спортшыларына зор мотивация берері сөзсіз.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ