ДИКТОР: Жазғы демалыстың басталуымен балалардың күн тәртібі мен тамақтану режимі өзгеретіні сөзсіз. Бұл кезеңде дұрыс тамақтануға ерекше көңіл бөлген абзал. Себебі, дәл осы уақытта балғындар тәттілерді, фастфуд пен газдалған сусындарды жиі тұтынады. Салдарынан, ағзаға қажетті дәрумендер мен пайдалы заттардың тапшылығы туындауы мүмкін. Осы ретте, Ақмола облысының медициналық ұйымдарында мамырдың 25-і мен маусымның 5-і аралығында Ашық есік күндері, мамандардың кеңестері, профилактикалық акциялар сынды түрлі шара ұйымдастырылуда. Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Жазғы демалыс кезінде балалардың күнделікті әдетінің өзгеретіні рас. Дәл осы уақытта зиянды тағамдарды шектеп, дұрыс тамақтану режимін сақтау - олардың иммунитетін көтеруге және ағзаны қажетті дәрумендермен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді. Дұрыс тамақтану - бала денсаулығының кепілі.
СНХ: ГҮЛМИРА МҰҚАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қазір балалар тез шаршап, белсенділігі де төмендеп жиі ауырады. Мұның негізгі себебінің бірі - дұрыс тамақтанбау. Денсаулыққа пайдалы әдеттерді сәби кезінен қалыптастыру өте маңызды. Дұрыс тамақтану мықты иммунитеттің, жақсы есте сақтау қабілетінің, жоғары зейіннің және баланың толыққанды дамуының негізі. Еі дұрысы - қарапайым әрі пайдалы өнімдер. Мәселен, жаңа піскен көкөністер мен жемістер, ботқа мен жарма өнімдері, сүт тағамдары, ет, балық, жұмыртқа және бұршақ. Баланың ағзасы күнделікті ақуыздарға, дәрумендерге, кальцийге, темірге және басқа да микроэлементтерге мұқтаж.
РКС: Дұрыс тамақтану иммунитетті күшейтіп қана қоймай, баланың есте сақтау қабілеті мен зейінін жақсартады. Сондай-ақ, семіздік, қант диабеті және асқазан-ішек жолдары ауруларының алдын алады. Ал, дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігі тез шаршауға, иммунитеттің әлсіреуіне және баланың өсуі мен дамуының баяулауына әкелуі мүмкін. Ақмола өңірінде 225 мыңнан астам бала мен жасөспірім бар. Өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау әр отбасының және қоғамның ортақ міндеті, - дейді сала мамандары.
СНХ: ГҮЛМИРА МҰҚАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Балалардың бойына жақсы қасиеттерді қалыптастыру - ата-ананың жеке үлгісінен басталады. Отбасындағы дұрыс тамақтану мәдениеті болашақ ұрпақтың денсаулығын қалыптастыруда маңызды роль атқарады. Құнарлы таңғы ас, үйде дайындалған тағамдар, көкөністер мен жемістерді тұрақты тұтыну, фастфуд өнімдерін шектеу. Бұл салауатты өмір салтының негізі. Дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру бала дүниеге келген сәттен басталады.
РКС: Баланың денсаулығы - ел болашағының кепілі. Сондықтан, жазғы демалыс уақытында балаларды дұрыс тамақтандыру, белсенді өмір салтын ұстануға және күн тәртібін сақтауға үйрету басты назарда болуы тиіс.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ