ДИКТОР: Бурабай ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң өсім көрсетті. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризм салаларында қарқынды даму байқалады. Жыл басынан бері аудан экономикасына 19 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23 пайыз артық.
РКС: Ауданда өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексі 105,5 пайызға жетсе, ауыл шаруашылығы өндірісі 3,6 пайыз артқан. Биыл аудан аумағында 1300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, орташа айлық жалақы 421 мың теңгеге дейін өсті. Қазір ауданда 7,2 миллиард теңгеге заманауи сүт-тауарлы фермасының құрылысы жүріп жатыр. Тәулігіне 50 тонна өнім өңдейтін жаңа сүт зауытын іске қосу жоспарланған. Екі жоба толық жүзеге асқанда 174 жаңа жұмыс орны ашылады.
СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі әрі қарқынды дамып келе жатқан секторы. Егіс науқаны уақытылы өткізу мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары аясында 18 шаруашылыққа жалпы сомасы 3,3 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. 15 шаруашылық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы 5 пайыз мөлшерімен жалпы құны 1,9 миллиард теңге болатын 38 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Ауданға 1 мың 680 тонна арзатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі ұлғайту мақсатында «Burabay Milk» инвесторының қатысуымен 1 мың 440 бас ірі қара малға арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысы жүргізілуде. Қазір Германиядан 330 бас голштин фриз тұқымды сиыр әкелінді. Жыл соңына дейін тағы 200 бас жеткізу жоспарланған.
РКС: Туризм саласы да қарқынды дамуда. Былтыр Бурабайға 1,5 миллион турист келген. Қазір халықаралық брендтердің қатысуымен ірі инвестициялық 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде жаңа қонақ үйлер мен этнодәмханалар желісі. Сондай-ақ, ауданда алғаш рет заманауи тау-шаңғы кешенін салу жоспары қолға алынған. Бизнес саласында 113 миллиард теңгеге инвестициялық 20-дан астам жоба іске асырылуда. Бұл 900-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Сонымен қатар ауданда алғаш рет шетелдік жобаушыларды тарта отырып, түрлі деңгейдегі 4 трассадан тұратын заманауи тау-шаңғы кешені салу жобасы жоспарлануда. Ауданда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Қазір 6 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оларда 14 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олармен жалпы құны 113,1 миллиард теңгеге 25 жоба іске асырылуда. Оның ішінде биыл 18 жобаны пайдалануға беру жоспарланған.
РКС: Биыл 63 шақырымнан астам жол жөнделмек. Щучинск қаласында жылу жүйелерін жаңғырту, теміржол вокзалын қайта жаңарту және тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенін салу жобалары іске асырылып жатыр. Мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жалғасуда. Жыл басынан бері 104 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 531 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді деп жоспарланған. Жалпы аудан экономикасына тартылған инвестициялар жаңа өндірістердің ашылуына, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның жаңаруына мүмкіндік беріп отыр.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ