ДИКТОР: Елімізде қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жариялануы мүмкін. Бұл бастама жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қолға алынып отыр. Мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобасына сәйкес, амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған азаматтарға, сондай-ақ келтірілген залалды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандарға қолданылмақ. Кейбір санаттағы сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту да көзделген. Ал әкімшілік рақымшылық Қазақстан тарихында алғаш рет өткізілмек. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтып, осы жылдың 17 наурызына дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша төленбеген әкімшілік айыппұлдарды кешіруді қарастырады. Бұл шара азаматтар мен кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған. Ішкі Істер Министрлігінің мәліметінше, амнистия шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұлды немесе 17 миллиард теңгеден астам соманы қамтиды. Алайда рақымшылық масаң күйде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, қару мен есірткінің заңсыз айналымы, қайталанған құқық бұзушылықтар және сотта қаралып жататын істерге қолданылмайды. Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
СНХ: ЕРМЕК ШҮЛДЕН, ҚР ІІМ ЗАҢ МЕН НОРМА ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ҮЙЛЕСТІРУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қылмыстық амнистия шаралары 15 мыңнан астам адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Оның ішінде 1,5 мыңға жуығы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар. Заң жобасы белгіленген нормаларды сақтауға және заңға бағынатын өмір салтын ұстануға дайын екенін дәлелдеген азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған. Сонымен қатар амнистия жүргізу қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмейді. Заң жобасында нақты шектеулер көзделген. Амнистия террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандарға, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткендерге, азаптау фактілеріне, сондай-ақ жыныстық қолсоғылмаушылыққа қарсы, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстарға қолданылмайды. Бұдан бөлек, амнистия қайталама қылмыс жасаған адамдарға да жүрмейді.