ДИКТОР: Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Хатшылығының делегациясы Ақкөл қаласындағы арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж балаларды қолдау орталығына келді. Кездесу кезінде делегация көктемде өздері Астанада ұйымдастырған қайырымдылық жәрмеңкесінен жиналған қаражатты Орталыққа табыстады. Аталған акцияға түрлі елшіліктер мен халықаралық ұйымдар, кәсіпкерлер, университеттер мен волонтерлер үлес қосты.
РКС: Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің делегациясы балалар орталығының жұмысымен танысты. Мәртебелі меймандар тәрбиеленушілердің шығармашылық жұмыстарының көрмесін аралап, өнерлеріне тәнті болды. Бас хатшының орынбасары Чжан Лин халықаралық ұйым жазғы лагерьге қолдау көрсете отырып, осы маусымда балаларға қуаныш сыйлайтындарына сенімді екенін жеткізді. Сонымен қатар ол жәрмеңке игі дәстүрге айналатынына да сенімді екенін мәлімдеді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі Қазақстан бойынша қолдау аймағын жыл сайын ұлғайтуды көздеп отыр.
СНХ: ЧЖАН ЛИН - АЗИЯДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ СЕНІМ ШАРАЛАРЫ КЕҢЕСІ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жиналған барлық қаржыны біз Ақкөлдегі балаларды қолдау орталығына сыйлауды ұйғардық. Ақмола облысының басшылығының өзара ықпалдастығы мен көмегінің арқасында біз осы орталықты таңдадық. Өйткені дәл осы жерде оқитын бала саны да көп екен, екіншіден жазғы лагерьді жаңарту қажет көрінеді. Сондықтан, біз жиналған қайырымдылық қаражат осы мақсатқа жұмсалса екен дейміз.
РКС: Облыстық білім басқармасының басшылығы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Хатшылығына сындарлы серіктестігі үшін алғыс білдірді. Орталық директоры Ботагөз Қазбекова аталған көмек аумақты абаттандыруға қатысты өзекті мәселені шешуге ықпал ететінін атап өтті. Бөлінген қаржы тұрмыстық жағдайды жақсартумен қатар, жазғы лагерьдің қауіпсіздік аймағын нығайтуға жұмсалады,-деп атап өтті орталық басшысы.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ