ДИКТОР: Күш, тәртіп және айқын ұстаным. Киокушинкай-кан каратэден қыздар мен ұлдар арасындағы облыстық чемпионат пен біріншілік аяқталды. Облыстық полиция департаментінің қолдауымен өткен жарыс жастарды спортқа баулып, қоғамдағы маңызды мәселеге үн қосты. Турнирдің ұраны - «Біз нашақорлыққа қарсымыз!».

ИНТЕРШУМ:

РКС: Татамиде жеңіске деген жігер мен өмірге деген дұрыс таңдау қатар көрініс тапты. Дүбірлі додаға көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан, Ақкөл, Шортанды және Целиноград аудандарынан, Қосшы, Қарағанды, Астана мен Көкшетау қалаларынан 11 команда қатысып, чемпион атағы үшін өзара бақ сынады.

СНХ: АЗАМАТ ТӘКЕНОВ, КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жекпе-жек тартысты болып жатыр. Осы жарысты біз «Заң мен тәртіп» және «Спорт есірткіге қарсы» деген қағидамен өткізіп жатырмыз. 200-ге жуық спортшы қатысып жатыр бүгін жарысқа. Барлық спортшыларға сәттілік тілейміз.

РКС: Жарысқа қатысушылардың жас ерекшелігі 12 мен 17 жас аралығын қамтиды. Олардың арасында каратэ спортына енді ғана қадам басқан спортшылар да, 5-8 жасынан бастап жаттығып, түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген тәжірибелі спортшылар да бар. Солардың бірі - Еркежан Қиямедин. Ол киокушинкай-кан каратэден әлем чемпионы, Азия чемпионы және Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Бүгін өз жас санатында өткен біріншілікте үздік нәтиже көрсетіп, І орынды иеленіп отыр.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ЕРКЕЖАН ҚИЯМЕДИН, КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Каратэмен мен 8 жасымнан бері айналысып келемін. Қазір жасым 16 да. Осы облыстық жарыс жақсы деңгейде өтіп жатыр. Өйткені өте қызықты және эмоционалды бойлар көрсетіліп жатыр. Осы кішкентай балалар үлкендерге қарап, жақсыға ұмтылады. Жеңіске, жеңіліске қарамай әрі қара өсу керек. Бүгін мен облыстық чемпионатта 1 ші орын иелендім.

СНХ: ӘЛИХАН БАЙМҰТОВ, КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ: Мен 5 жасымнан бастап каратэмен айналысамын. Қазір жасым 17-де, яғни бұл спорт түрімен 12 жылдан бері шұғылданып келемін. Осы уақыт ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Қазақстан Республикасының чемпионымын, Қазақстан Кубогының екі дүркін чемпионымын, сондай-ақ Азия чемпионы және Әлем чемпионатының күміс жүлдегерімін. Бүгінгі жарыс жоғары деңгейде өтті. Мен бірінші орынды иелендім.

РКС: Жарыстың мақсаты - Ақмола облысының құрама командасын жасақтау. Осы біріншілікте топ жарған спортшылар алдағы халықаралық жарыстарға жолдама алды. Енді санаулы күннен кейін Қырғызстанда Азия чемпионаты өтеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ