ДИКТОР: Өңірде 140-тан астам адам ағза трансплантациясын күтуде. Олардың көпшілігі үшін орган алмастыру - өмірді сақтап қалудың жалғыз жолы. Елде донорлық жүйе кезең-кезеңімен дамып жатқанымен, күту тізіміндегі науқастар саны әлі де жоғары. Мамандар азаматтарды донорлық туралы саналы шешім қабылдауға шақырады.

РКС: Бүгінде аймақта 142 тұрғын өмірлік маңызды ағзаға мұқтаж. Олардың қатарында 138 ересек пен 4 бала бар. Бүйрек трансплантациясына сұраныс көп. Қазір өңірде 121 адам бүйрек ауыстыруды күтіп отыр. Сондай-ақ 12 науқасқа бауыр, 8 адамға жүрек, ал бір тұрғынға өкпе трансплантациясы қажет. Осыған байланысты мәйіттік донорлық қолға алынды. Бір мәйіттік донор мұқтаж 5-6 адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.

СНХ: ЛӘЗЗАТ ӘШІМОВА, ОБЛЫС БОЙЫНША ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ ЖӨНІНДЕГІ ӨҢІРЛІК ҮЙЛЕСТІРУШІ: Өңірде донорлық жүйе 2015 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында шамамен қайтыс болғаннан кейінгі 15 донорлық жүзеге асырылды. Марқұмның туыстары оның ағзаларын өзге науқасқа трансплантациялау үшін алуға келісім берген жағдайлар. Соңғы донор ақпан айында тіркелді. Ол 66 жастағы әйел адам. Одан алынған екі бүйрек сәтті түрде трансплантацияланып, науқасқа салынды. Біз ми өлімі тіркелген әлеуетті донорларды анықтаймыз. Бірақ соңғы кезде туыстарының бас тарту жағдайлары жиілеп отыр.

РКС: Жақынынан айырылып, қайғы жұтып отырған отбасына ағза донорлығы туралы ұсыныс айту донорлық жүйедегі ең күрделі әрі жауапты кезеңнің бірі. Мұндай жағдайда марқұмның туыстарымен арнайы дайындықтан өткен трансплантациялық үйлестірушілер жұмыс жүргізеді. Десе де, қайтыс болған адамның ағзаларын донорлыққа пайдалану туралы түпкілікті шешім тек жақын туыстарының келісіміне байланысты.

СНХ: ҚАЙРАТ ИМАНБАЕВ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТРАНСПЛАНТАЦИЯНЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қолданыстағы заңнамаға сәйкес егер азамат көзі тірісінде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтан бас тартатынын ресми түрде тіркесе, оның ағзаларын ала алмаймыз. Ал егер ол тірі кезінде ешқандай шешім рәсімдемеген болса, міндетті түрде жақын туыстарының пікірі сұралады. Туыстары келісім бермеген жағдайда, ағзаларды алу мәселесі мүлде қарастырылмайды.

 РКС: Әрбір азамат қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына қатысты өз таңдауын eGov.kz порталы арқылы тіркей алады. Биыл жүйеде еліміз бойынша 160 мыңға жуық адам ерік білдірген. Оның ішінде тек 16 мыңға жуығы ағза донорлығына келісім берсе, қалғаны бас тарту туралы шешім қабылдаған. Дәрігерлер әр азаматқа бұл мәселеге саналы түрде көзқарас танытуын сұрайды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ