ДИКТОР: Көкшетаудың сыртқы келбетін айшықтап, тұрғындардың тынығуына арналған жаңа қоғамдық кеңістіктердің қатары тағы бір нысанмен толықты. «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бастамасымен «Шамшырақ» жобасы жүзеге асты. Қала тұрғындары үшін тартылған тағылымды тарту туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: «Жақсының жаққан шамы сөнбейді» дейді. Бүгін сондай бір игі бастаманың куәсі болып отырмыз. Қаланың «Центарльный» шағын ауданында салтанатты түрде жаңа «Шамшырақ» аллеясы ашылды. Енді бұл жерде серуендеуге, кешкілікте отбасымен уақыт өткізуге арналған таптырмас кеңістік болады. Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген бұл шара тұрғындар үшін ерекше мерекеге айналып отыр.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Жаңа демалыс орнының салтанатты ашылу рәсіміне қоғам қайраткерлері, қала әкімі, еңбек ардагерлері мен мәдениет саласының өкілдері қатысты. Шара барысында қала әкімі Әнуар Күмпекеев өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін серіктестік ұжымына ризашылығын білдіріп, игі бастаманың тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы маңызын атап өтті.

СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Кеше ғана балаларды қорғау күні аясында жаңа жағалау жалғасын ашып, бүгін міне «Шамшырақ» деген аллеяны ашып жатырмыз. Осындай игі істер қаламызда көбірек болсын. Сол үшін Досымхан Әлішұлы сіздерге алғысымды білдіремін. Өйткені қаламыз жылдан жылға осылай көркейіп, үлкен деңгейге шығып отыр. Осындай шаралар көбірек болсын қаламызда. Еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

РКС: Аллея заманауи талаптарға сай абаттандырылып, тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Күннің аптап ыстығы мен жауын-шашыннан қорғайтын жабық шатырлар орнатылып, демалуға арналған орындықтар, балаларға арналған әткеншектер мен сәнді су бұрқақтар орналастырылған. Қарасаң көз тоймайды.

СНХ: ЕРМЕК НҰҒЫМАН, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Мынау «Көкше энергода» жасалып жатқан шара бұл да үлкен үлгі боларлық дүние. Барлық мекеме осылай жасаса Көкшетау бұданда көркейіп, өркендер еді. Бұл енді бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген бар, соның айқын көрінісі. Әр қоғамның өркениеттігі оның қарттар мен балаларға деген көзқарасымен өлшенеді деген қағида бар. Бұл соның дәлелі. Сондықтан қала тұрғыны ретінде біз өте қуанып жатырмыз.

РКС: Кез келген ауқымды жоба алдымен қиялда туып, уақыт өте нақты іске айналады. Аталған аллеяның идеясы «Көкшетау Энерго» серіктестігінің басшысының көкейінде жеті жыл бойы пісіп-жетілген. Осы уақыт ішінде болашақ нысанның тұжырымдамасы жасалып, сәулеттік шешімдері нақтыланып, жобалау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілген. Ал нақты нысан 9 айда бой көтерген.

СНХ: КӨШЕК СӘМЕНОВ, «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ АРДАГЕРІ: Мынау өздеріңіз көрген «Шамшырақ» деген аллея салу Досымхан Аралбаев басшы болып келген сәттен ойында жүрген мәселе болған. Оның алдында жұмыскерлер шығып отыратын кішкене ғана жер болатын. Оның арғы жағына жасыл желек қосып, ағаштар отырғызып, фонтанын жасап, көршілес үйлер кіріп шығатындай арғы жағынан есік жасап қойдық.

РКС: Гүлзарға бастайтын аллеяның екі жағы жасыл желекпен көмкеріліп, айналаға ерекше сән беріп тұр. Түрлі-түсті гүлдер мен жайқалған ағаштар табиғаттың әсемдігін айшықтап тұр. Шынында да, бұл жер тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс орнына айналары сөзсіз.

СНХ: МӘРИЯМ АХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Демалуға өте қолайлы жер екен. Фонтаны қандай, бақшаның іші қандай күшті. Рахмет айтамыз электр жүйесінің басшысына, қала әкіміне. Осындай бізге жақсы саябақ жасағандары үшін. Бала - шағамызбен келіп демалғанға өте қолайлы орын.

СНХ: АЙДАНА БЕКПАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Үйіміздің қасында осындай алаңның ашылғанына өте қуаныштымыз. Кешкі уақытта балаларымызбен, отбасымызбен демалуға өте керемет жер. Ауасы да таза. Үйге жақын. Өте қуаныштымыз.

РКС: Ашылу салтанаты мерекелік көңіл күймен жалғасыты. Шараның сәнін келтірген аниматорлар балалар үшін арнайы ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырып, тұрғындар үшін мерекелік атмосфера орнатты. Қаланың дамуына үлес қосып отырған аталған «Шамшырақ» жобасы қоғам белсенділері мен тұрғындар тарапынан тиісті бағасын алды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ