ДИКТОР: Шаһарда «AQMOLA URBAN FORUM: Реновация және заманауи урбанизация» атты республикалық деңгейдегі семинар-кеңес өтті. Ауқымды шараға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов және 120-дан астам маман, оның ішінде өңір әкімдерінің орынбасарлары мен урбанистика саласының сарапшылары қатысты. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Форумның ашылуында аймақ басшысы Марат Ахметжанов аталған алаңның өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ қалалық ортаны дамытудың жаңа тәсілдерін талқылауға мүмкіндік беретін маңызды платформаға айналғанын атап өтті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл бізге де өте пайдалы. Өйткені тәжірибе алмасу. Басқа да өңірлерде өте бір жақсы оң бастамалар бар. Олар да бізге қажет. Реновация бағдарламасы арқылы біз жақсы жетістікке жетіп отырмыз құрылыс саласында - үй салып, мұқтаж топтарды, халықты үймен қамту мәселесі және құрылысшылардың жалақысы республика бойынша ең жоғарғы деңгейде өсіп келе жатыр. Тұрақты жұмыс орны көбейіп келе жатыр. Бюджетке кірісіміз де ұлғайып келе жатыр. Бізге де бұл үлкен мәртебе, осы Көкшетау қаласын форум өткізуді белгілегені. Сондықтан біз өзіміздің оң тәжірибемізбен алмасып жатырмыз.
РКС: Шара аясында өңір басшысы құрылыс саласы мамандарының облыстың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, олардың кәсіби жетістіктері мен атқарған маңызды жұмыстарының нәтижелерін жоғары бағалады. Саладағы үздік өкілдер мемлекеттік наградалармен, соның ішінде медальдармен марапатталып, адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін алғыс хаттарға ие болды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ҚУАНДЫҚ ҚАЖКЕНОВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Ақмола облысы реновация бағдарламасын іске асыруда алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналады. Былтыр Мемлекет басшысы облыстағы реновация жұмыстарының нәтижесін оң бағалап, бұл тәжірибені басқа өңірлерге үлгі ретінде ұсынды. Соның негізінде Ақмола облысында қалыптасқан тәжірибе республика бойынша таратылып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына енгізілді. Әсіресе, тұрғын үй кезегіндегі азаматтар мен халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтуға бағытталған жобалар басқа өңірлер үшін тиімді тәжірибе ретінде қарастырылды. Бұл бағыттағы ұсыныстар барлық аймаққа жолданып, бүгінде көптеген өңірлер Ақмола облысының тәжірибесін өз жұмыстарында белсенді пайдаланып келеді.
РКС: Соңғы екі жыл ішінде «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының арқасында Көкшетауда, сондай-ақ Бұланды, Бурабай және Аршалы аудандарында реновация аясында 200-ден астам адам жаңа пәтерге ие болды. Жыл соңына дейін тағы 100-ден астам отбасы жаңа баспанағаларға көшіріледі деп жоспарланып отыр.
СНХ: ӘЛИ ӘЛИЕВ, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ақмола облысында реновация бағдарламасы 2024 жылдың қараша айында басталды. Қазір 23 ескі әрі тозығы жеткен ғимарат сүріліп, олардың орнына 763 пәтерге 10 жаңа, жайлы әрі заманауи тұрғын үй кешені салынды. Нәтижесінде, тозығы жеткен тұрғын үйлердің 248 меншік иесі жаңа пәтерлермен қамтамасыз етілді. Биыл 11 жобаны іске асырып жатырмыз. Оның аясында шамамен 70 ескі үй сүріліп, 1200 пәтерлік жаңа тұрғын үй бой көтереді. Яғни, реновация бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін осы тұрғын үйлерді пайдалануға беріп, тозығы жеткен үйлердің 1200 меншік иесіне пәтерлердің кілтін табыстауды жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында халықтың әлеуметтік осал топ санатының өкілдері де бар.
СНХ: АЛМАТ ЫСҚАҚОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ УРБАНИСТИКА ЖӘНЕ ЖЕР МОНИТОРИНГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Реновация жөнінде айтылған мәселелер біз үшін өте қызықты. Алдағы уақытта осы реновация, заманауи реновация бағытында өз қаламызда тәжірибе алмасу жұмыстарын жайлап іске қосамыз деген ойдамыз.
STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және өнеркәсіп Вице-министрі, сонымен қатар еліміздің 5 өңірінен келген делегация өкілдері қаламыздың жаңа жағалау және «Көк шалғын» аллеясын аралап шықты. Шара соңында қала қонақтары Нұрғиса Тілендиев көшесінде салынған жаңа үйлерді аралап шықты.
РКС: Ресми кездесуден кейін қонақтарға шаһарда жүзеге асырылып жатқан кешенді урбанистикалық жобалар таныстырылды. Оның ішінде Қопа көлінің жаңа жағалауы мен «Көк шалғын» аллеясы ерекше назарға ұсынылды. Бұл нысандар тұрғындар мен қала қонақтарының демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жобалар аясында жаяу жүргіншілер аймақтары абаттандырылып, заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылған, сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар қаланың сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да ықпал етеді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қонақтарға Көкшетау қаласының 2050 жылға дейінгі даму жоспары таныстырылды. Оған сәйкес, қала халқының саны 500 мың адамға дейін өсіп, қала аумағы 6 мың гектарға кеңейеді. Сонымен қатар өнеркәсіптік аймақтың көлемі 5 мың гектарға ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Аталған жобаларды іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестициялар тартуға жол ашады. Бұл бастамалар Көкшетаудың дамуына жаңа серпін беріп, оны заманауи урбанистикалық орталық ретінде қалыптастыруға бағытталған.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ