ДИКТОР: Шаһарда мамырдың 18-і мен 8 маусым аралығында «Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз» республикалық акциясы өтіп жатыр. Шара аясында азаматтарға профилактикалық консультациялар және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Іс-шараларға полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуда.

РКС: Бүгінде құқық бұзушыларға қатысты 487 қорғау нұсқамасы шығарылып, 134 ерекше талап белгіленді. Олардың барлығы алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салуды қамтиды. Сонымен қатар, 10 тұлғаға міндетті психологиялық түзету курсынан өту жөнінде ерекше талаптар қойылды. Айта кету керек, ерекше талаптарды бұзғаны үшін 87 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

СНХ: ЭЛЬВИРА ТРАЙБЕР, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Аталған акцияның негізгі мақсаты құқық бұзушылықтардың алдын алу және отбасыларға уақтылы көмек көрсету. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға байланысты өтініштер тұрақты түрде түсіп тұрады, қайталанған өтініштер де бар. Мұндай жағдайда полиция қызметкерлері тиісті шаралар қолданып, құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартады.

РКС: Шаһарда «Шанс» дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұнда қиын жағдайға тап болған балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық көмек беріледі. Орталықта әйелдер мен балалар алты айға дейін уақытша паналай алады. Олар тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалған.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ НҰРКИНА, «ШАНС» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ МАМАНЫ: Психологиялық көмек, құжаттарды рәсімдеуге көмектесеміз, балаларды балабақшаға және мектепке орналастырамыз. Сонымен қатар, әйелдерге жұмыс табуға және олардың қоғамға бейімделуіне көмектесеміз. Мұнда олар жарты жыл тұруға құқылы. Осы уақыт ішінде балаларын балабақшаға немесе мектепке орналастырып, өздеріне жұмыс тауып, кейін жеке баспана таба алады.

РКС: Жан-жақты көмек көрсетілгендердің бірі бес баланың анасы. Күйеуімен 15 жыл өмір сүрген. Осы жылдар аралығында зорлық-зомбылыққа төзіп келген. Күйеуінен кетуіне және полицияға жүгінуіне одан да ауыр салдардың туындауы мүмкін деген қорқыныш себеп болған.

СНХ: ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ЗАРДАП ШЕГУШІ: Ұзақ уақыт некеде болдым. Ұрып-соғу мен қорлыққа төзіп келдім. «Өзгереді» деп үміттендім. Көбіне жолдасым мас күйінде зорлық-зомбылық көрсететін. Бес балам бар, кішісінің жасы 4-те. Балаларыммен бірге үйден қашып шығып, көмек іздеуге мәжбүр болдым. Мұнда жан-жақты көмек көрсетілді. Қайта оралмауы үшін қолдау берілді.

РКС: Биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа 1,5 мыңнан астам әйел тап болды. Осал топқа 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер жатады. Көптеген жағдайлар қорқыныш салдарынан жасырын қалып қояды. Көмек алу үшін отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ