ДИКТОР: Красный Яр елдімекенінде ұлттық рух пен спорттық дәстүрді ұлықтаған атшабар маусымы салтанатты түрде ашылды. Қазақтың қанына сіңген бәйге мен жылқы мәдениетін дәріптеген мерекеде тұлпар дүбірі даланы жаңғыртып, ұлттық ойындар насихатталды. Аталмыш додаға 500-ге жуық спортшы қатысты.

РКС: Спорттық шара қазақ халқының баһадүр болмысын, ерлік рухын айшықтайтын көне ұлттық ат спорты ойыны көкпардан басталды. Дүбірлі додада Бурабай, Целиноград және Қорғалжын ауданының шабандоздары бақ сынасып, күш-қайраты мен ептілігін, ат үстіндегі шеберлігін паш етті. Аламан бәйгедей қызған тартыста салт аттылар серкені тақымға қысып, қарсыластарынан айла асырып, белгіленген межеге жеткізуге барын салды. Деседе, Целиноград ауданының спортшылары қос құрама командадан оза шапты.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: АЯН АМАНЖОЛ, «ҚҰЛЫТАЙ» ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ (ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ): Өзім көкпар шауып жүргеніме 2 жыл болды. Осы «Құлатай» командасынан бастап шабам. Қарсыластарымыз Бурабай және Қорғалжың құрама командасы. Өте жақсы ойын болды. Қарсыластарымыз мықты болды.

РКС:Бірі жүйрік аттың жалынын ұстап жарысса, бірі жамбы атып мергендігін көрсетті. Ал тағы бір топ, аударыспақ алаңында ат үстінде айла мен күшті қатар сынап, нағыз батырларға тән қайсарлық танытты. Аударыспақ ұлттық ойынында спортшылар 5 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Соның ішінде 65 салмақ дәрежесінде Ерейментау спортшысы Жанболат Бапарұлы жеңімпаз атанды.

СНХ: ЖАНБОЛАТ БАПАРҰЛЫ, АУДАРАСПАҚ ОЙЫНЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ (ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫ): Осы жарысқа дайындық өте жақсы болды. Мейірбек, Нарбота ағаларымыз, Берік ағамыз жақсы дайындады бізді. Осы жарысқа 1 жылдың көлемінде оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, жарысқа келіп отырмыз. Жарыс жақсы өтті. Қарсыластар Бурабай, Көкшетау басқа қалалардан келіп отыр.

РКС:Аттың құлағында ойнаған жастардың ептілігі мен шеберлігі көпшілікті тәнті етті. Әр шабыс сайын рухтанып, жанкүйерлердің көтеріңкі үні жарыстың қызуын одан әрі арттыра түсті. Ал ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қариялар жастарға ризашылықпен қарап, ақ батасын жаудырды.

СНХ: ҒАЛЫМ ҚҰЛТАСОВ, КРАСНЫЙ ЯР ЕЛДІМЕКЕННІҢ ТҰРҒЫНЫ: Ата-бабадан келе жатқан дәстүр ғой, соны біз көрсетуіміз керек. Жастарға үйретуіміз керек. Сондықтан өткізген бәйгеміз қайырлы болып, құтты болсын. Аттар сүрінбеін. Балалар аман болсын.

РКС: Бұдан бөлек, аламан бәйге, құнан бәйге, топ бәйге мен ұшқыр бәйгеде де сәйгүліктер сынға түсіп, нағыз жүйріктер анықталды. Жарыс қорытындысында оза шапқан жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын облыстық біріншілікті өткізуге Ақмола облысының әкімдігі мен демеушілер тарапынан 7 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Айта кетейік, көкпар додасында топ жарған үздік шабандоздар арасынан Ақмола облысының құрама командасы жасақталады. Бұл бастама ұлттық спорттың өрісін кеңейтіп, өңір намысын қорғайтын мықты команданың қалыптасуына жол ашпақ.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ