ДИКТОР: Қазақстан агроөнеркәсіп саласында шикізат экспортынан терең өңдеуге кезең-кезеңімен көшіп келеді. Бұл бағытта Ақмола облысында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бурабай ауданында заманауи сүт өңдеу зауыты мен ірі сүт-тауарлы ферма салынып жатыр. Жоба өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: «Burabay Milk» зауыты тәулігіне 50 тонна сүт өңдеуге қауқарлы. Мұнда нарықта жоғары сұранысқа ие кремчиз, сүзбе ірімшігі, йогурт пен сүт коктейльдері өндірілмек. Кәсіпорын Еуропаның озық технологияларымен жабдықталады. Жоба құны - 6,9 миллиард теңге.
СНХ: ҒАЛЫМЖАН ӘБДІҚАЛЫҚОВ, «BURABAY MILK» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Негізгі зауыттың ерекшелігі бұл жоғары маржиналды, импортты алмастыратын продукция шығарады. Жалпы 80 адам жұмыс істейге тиісті. Құрал-жабдықтары это Бельгия, Германия, Италия, Испанияның фирмаларынан. Мысалы гомогенизатор ол итальянская фирма. Кормоцех Германия. Қымбат, бірақ халыққа беретін тағамы сапалы болады. Бағаға келетін болсақ, біз мал сатып алмаймыз, мал өзімізден. Тоық цикл болу үшін осындай зуаыт салып жатырмыз. Өнімнің бағасын реттеуге мүмкіншілігімз болады.
РКС: Жоба толық цикл қағидатымен жұмыс істейді. Яғни шикізат сырттан сатып алынбайды. Ферма мен өңдеу өндірісі бір жүйеге біріктіріледі. Осы мақсатта Баянбай ауылында 1440 басқа арналған жаңа сүт-тауарлы ферма салынып жатыр. Қазір Еуропадан голштин тұқымды асыл тұқымды ірі қара жеткізілген.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазір аймақта жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 14 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар 7 жыл мерзімге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылған. Енді Үкіметпен бірлесіп «Ақмола - елдің азық-түлік белдеуі» атты арнайы бағдарлама әзірленді. Оның аясында өңірде сүт-тауарлы фермалар санын арттырып, ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын жүйелі дамыту көзделіп отыр. Бастысы - әрбір сүт-тауарлы ферма жанынан өңдеу кәсіпорындары ашылады. Бұл ірі шаруашылықтармен қатар, шағын шаруа қожалықтарына да өнімін өткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан өңірге ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін зауыттар аса қажет. Жыл соңына дейін «Burabay Milk» жобасын толық іске қосу жоспарланып отыр.
РКС: Мұндай жобалар өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін бермек. Жыл соңына дейін Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін 1 триллион 300 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша, Ақмола облысының азық-түлік белдеуі - тек өңірдің емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық жүйеге айналмақ.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ