ДИКТОР: Көкшетау қаласы әкімінің аппараттық кеңесінде Балаларды қорғау күні мен Құрбан айт мерекесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиында мерекелік іс-шаралардың жоспары, қоғамдық қауіпсіздік, санитарлық талаптарды сақтау және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мәселелері қаралды. Сонымен қатар, Балаларды қорғау күніне орай қаладағы жаңартылған жағалаудың екінші бөлігін ресми түрде ашу жоспарланып отырғаны айтылды.
РКС: Биыл Құрбан айт мерекесі мамырдың 27-сі мен 29-ы аралығында өтеді. Мереке күндері қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысын реттеуге қатысты қосымша шаралар қабылданады. Онлайн Құрбан шалу қызметін одан әрі жетілдіру және оны қала тұрғындарына қолжетімді ету мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ, мереке күндері мал сою орындарының санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуін қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.
СНХ: ҚУАНЫШ СӘБИТ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ: Құрбан айт болғаннан кейін айт күндері Құрбан шалынады. Құрбан шалу рәсімін тиісті деңгейде өткізу үшін көптеген дайындық жұмыстары қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын пандемия болған кезде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастырумен онлайн Құрбан шалу ұйымдастырылған. Содан бері онлайн Құрбан шалу тоқтаған жоқ. Осы күнге дейін жалғасып келе жатыр. Оған бүгінгі күні көптеген сұраныс бар.
РКС: Бұдан бөлек Балаларды қорғау күніне орай өткізілетін іс-шаралардың толық жоспары талқыланды. Оның ішінде «Қазақстан балалары» бағдарламасына сай мереке аясында жаңа жағалауда балаларға арналған көптеген концерттер, ойын-сауық бағдарламалары және спорттық жарыстар өткізіледі. Сондай-ақ, тегін медициналық консультациялар, «Дені сау бала және қауіпсіз жаз» акциялары ұйымдастырылмақ.
СНХ: АЙГҮЛ НӨГЕРТАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 1 маусым күні барлық санаттағы балалардың, соның ішінде мүгедектігі бар балалардың, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың қатысуын қамтамасыз ету қажет. Тегін шеберлік сабақтарын, зияткерлік ойындарды ұйымдастыру, білім беру ұйымдарында ашық есік күндерін өткізу, ата-аналарға балалардың жазғы бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері бойынша консультациялар ұйымдастыру қажет. Кең ауқымды мерекелік бағдарлама өтеді. Күннің басты оқиғасы «Жағалау-2» жаңартылған жағалауының ашылуы болмақ.
РКС: Сондай-ақ, 1 маусымда тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсімін өткізуді жоспарланған. Мерекелік бағдарлама бірнеше тақырыптық алаңда өтеді. Мәдени, спорттық, білім беру және ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кеңес барысында әкім барлық бөлім басшысына мерекелік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуді және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ